Қанды қаңтарда оққа ұшқандар жайлы айтқан депутаттыққа экс-кандидат ұсталды

Ғалиасқар Думан

Алматыда Мәжіліс депутаттығына экс-кандидат Дінмұхамед Қаматай ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы адвокат Айнұр Айдарханова мәлім етті.

"Дінмұхамед Қаматай маған хабарласты, оны 9 сәуірдегі митингіге қатысқаны үшін полиция алып кетті, олар адвокатсыз дереу онлайн сот өткізбек. Өзім қатыса алмағандықтан, көпшіліктен көмек сұраймын, әсіресе адвокаттардан!"- деп жазды Айдарханова әлеуметтік желідегі парақшасында.

Қаматай Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың ішіндегі ең жасы болды. Ол 2022 жылдың 6 қаңтарында Алматыдағы Республика алаңында болғандардың бірі болды және порталымызға берген сұхбатында қанды оқиғалар кезінде жазықсыз атылған бейбіт тұрғындар жайлы айтып берген еді.

Еске салайық, елімізде мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы 19 наурызда өтті. Биылғы сайлауда ел тұрғындарының белсенділігі тарихтағы ең төмен көрсеткіштердің бірі болды.

Сайлау қорытындысын мына сілтеме бойынша оқуға болады.

Бұдан бұрын сайлаудың ресми нәтижесімен келіспеген "Халық парламенті" өкілдері Алматыда алаңға жиналып, митинг өткізген.

Көп ұзамай полиция митингке қатысқандарды ұстай бастады. 13 сәуірде  Алматыда сайлау қорытындысына қарсы митингке қатысқаны үшін белсенді Асылбек Қараев 15 тәулікке қамауға алынды.

Одан бұрын Алматыда тағы бір белсенді Әлнұр Ильяшев ұсталған болатын. 

Сондай-ақ, Мұхтар Тайжанның 15 тәулікке қамауға алынғаны белгілі болды.

Ал Рысбек Сәрсенбайұлына митингке қатысқаны үшін 172 000 теңге айыппұл салынғаны хабарланды.

19 сәуірде белсенділер Бауыржан Атинбаев пен Құдайшүкір Абдуллаевқа да қомақты айыппұл салынды.

Бірақ экс-кандидаттар мен белсенділер берілер емес. Адвокат Мұрат Адам мен кәсіпкер Санжар Боқаев Алматының әкімшілік сотына талап арыз беріп, 19 наурызда өткен Мәжіліс сайлауының заңсыздығы туралы мәлімдеді. Олар хаттамалардың көшірмесін беруді талап етті.