Серік Күдебаев сотта соңғы сөзін айтты

Ғалиасқар Думан

Талдықорған сотына Астанадан Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев жеткізілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Сот отырысы белгіленген уақыттан бірнеше сағат кешігіп басталды. Серік Күдебаевты арнайы бөлімше қызметкерлері сот залына жеткізді.

Генарал көп сөйлеген жоқ. Тағылған айыппен келіспейтінін, кінәсін мойындамайтынын айтты.

"Айттым ғой, мен кінәлі емеспін. Өз халқыма оқ атқан жоқпын: әйелдерге де, балаларға да. Азаптау болған жоқ. Жәбірленушілер жоққа шығарды. Айтарым осы, рахмет", - деді Қүдебаев.

Үкім бүгін жариялауы тиіс.

Сот отырысы алдында Серік Күдебаевтың ұлы әкесінің ұсталмағанын айтқан болатын.

"Кейбіреулер оны ұстап алды деп жазып жатыр. Бұл жалған ақпарат, өйткені әкем өз Отанына оралу туралы шешім қабылдады. Өйткені оның бүкіл отбасы осында", - деді ол.

Еске салайық, бұдан бұрын Бас прокуратура Серік Күдебаевтың Түркияда ұсталғанын мәлім еткен.

Сәуірдің басында генералдың сот үкімі шықпай тұрып Қазақстаннан қашып кеткенін хабарланған болатын. Тілшілеріміз экс-шенеуніктің 23-24 наурыз күндері Қырғызстан шекарасын заңсыз кесіп өтіп, Бішкекке арқылы Түркияға жол тартқанын анықтады. Оған халықаралық іздеу жарияланды.

Жуырда ҚР ҰҚК Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов Күдебаевтың нақты қай жерден заңсыз өткенін анықтау үшін Шекара қызметінде қызметтік тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеген. Сондай-ақ, ол Күдебаевтың елден қашуына байланысты Қырғызстанда да қылмыстық іс қозғалғанын айтты.

Күдебаев «ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздік» үшін айыпталған. Тергеушілердің мәліметінше, қаңтар оқиғасы кезінде Күдебаев Алматы облысының коменданты бола тұрып, полиция департаменті ғимаратынан шығып кеткен. 

Күдебаевтың соты биылғы жылдың қаңтарында басталды.

28 ақпандағы сот отырысында мемлекеттік айыптаушы судьядан күдікті Серік Күдебаевты тоғыз жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Айыпталушының ауруханаға түсіп қалуына байланысты сот отырысы алғаш рет 10 наурызда кейінге шегерілген болатын.

Үкім шығарылады деп жоспарланған 16 наурыздағы сот отырысы да өтпей қалды.  Жетісу облыстық сотының ресми өкілі 27 наурыздағы отырыс та кейінге шегерілгенін мәлімдеген.

Күдебаев 30 наурызға жоспарланған отырысқа де қатыспағандықтан, оны сотқа мәжбүрлі түрде жеткізу туралы шешім қабылданған болатын.