ІІМ басшысы Марат Ахметжанов Абай облысындағы өртке байланысты қозғалған қылмыстық іс жайлы мәлімет берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Тергеу жүріп жатыр, өрт қасақана қойылған деген нұсқа бар. Іс арнайы прокурорлардың өндірісіне қабылданды. ІІМ қызметкерлері сол топ құрамында. Тергеу нәтижесін күтейік. Қасақана өртеу, найзағай түсу, немқұрайлылық нұсқалары бойынша сараптамалар мен іздестіру іс-шаралары жүргізілетін болады. Тергеуге 2 ай уақыт берілді”, – деді министр.
Сондай-ақ, Үкімет кулуарында тілшілер министрден “Юрий Ильиннің әрекеті тексеріле ме?” деп сұрады.
“Президент Бас прокурорға тапсырма берді, оның шеңберінде тексеру жүргізілетін болады. Өрт фактісі – бұл төтенше жағдай, адамдар қаза тапты, сондықтан қылмыстық іс аясында тексеру болады. Неліктен уақтылы шара қолданбады? Мүмкін немқұрайлылық, қызметтік міндеттерін орындамау”, – деді Ахметжанов.
Еске салайық, 8 маусымда “Семей орманы” аумағында өрт тұтанған болатын. 9 маусым күні кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды.
Абай өңірінде ел тарихындағы ең ірі өртке байланысты Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин қызметінен босатылып, жаңа министр тағайындалды. Абай облысының әкімі өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін сөгіс алды.
Өртпен арпалысып жүріп 14 адам қаза тапты. «Семей орманы» Новошульба филиалының 14 қызметкерінің фотосуреттерін Экология министрі Зүлфия Сүлейменова жариялады. Мемлекет басшысы шетелге сапарынан бас тартып, өңірге арнайы барып, қаза тапқан орманшылардың отбасына көңіл айтты.
Қаралы қайғыға байланысты 12 маусым елімізде Аза тұту күні болып жарияланды.
Абай облысына аттанған үкіметтік комиссия 10 күн тергеу жүргізіп, өртті сөндіру кезінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының бұзылуына жол берген адамдарды анықтамақ.