Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына және әуе рейстерінің тоқтатылуына байланысты Біріккен Араб Әмірліктерінде турпакетпен барған 3 мыңнан астам қазақстандық елге қайта алмай отыр. Бұдан бөлек, Қатарда 1 061 Қазақстан азаматы бар. Бұл туралы «Туристік Қамқор» қоры хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қор мәліметінше, сөз туристік жолдамамен шетелге шыққан азаматтар туралы болып отыр. Қазіргі таңда олардың барлығы қонақүйлерге орналастырылып, тамақпен қамтамасыз етілген.
— Аймақтағы жағдайдың ушығуына байланысты бірқатар әуе рейстері тоқтатылды. Осыған орай қазақстандық туристер Парсы шығанағы аймағындағы әуе кеңістігі ашылғанға дейін аталған елдерде уақытша қалып отыр. Туркодтары бар барлық турист қонақүйлерге орналастырылып, тамақпен қамтылған, — деді «Туристік Қамқор» қоры өкілдері.
Қор төрайымы Инна Рей туристердің барлығы қауіпсіз жағдайда екенін айтты.
— Ең бастысы — барлық туристіміз аман-есен, жағдай толық бақылауда. Алдағы уақытта жағдай тұрақталып, әрі қарай қандай қадам жасалатыны белгілі болады деп үміттенеміз. Қандай жағдай болса да, біз кез келген жағдайға дайынбыз. Туристерден сабыр сақтауды сұраймыз, — деді ол.
Еске салайық, бұған дейін дрондармен жасалған шабуылдардан кейін Дубай қаласы мен әуежайларында мыңдаған қазақстандықтың қалып қалғаны хабарланған болатын. Қазақстанның консулдық қызметі азаматтармен тұрақты байланыста. Ал Әмірлік билігі әуе рейстері қалпына келгенге дейін туристерді қонақүйлерден шығармауды, бұрынғы орналастыру шарттарын сақтауды ұсынған.