Менталитеттің қатысы жоқ: Шапырашты туралы әңгіме не үшін руаралық дау туғызуы мүмкін

Ulysmedia

Парламент қандай болуы керек? Мәжіліс не үшін таратылды? Жер иеленген латифундистерді не істеу керек? Жаңа Қазақстанды қалай құрып, бәрі айтып жатқан шет елдердегі ақшаны қалай қайтаруға болады? Бұрынғы мемлекет қызметкері, новатор Саят Нүсіпов Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатында елдегі өзгерістерден не күтуге болатынын айтып берді.

Коллаж: ulysmedia.kz.

– Жаңа Қазақстан енді ғана қалыптаса бастады, бірақ бұл билікке де, халыққа да сынақ екені қазірдің өзінде белгілі болып тұр. Менің түсінігімде Жаңа Қазақстан – бұл, ең алдымен, адамдар арасындағы, билік пен халық арасындағы, корпоративтік, экономикалық және этикалық салалардағы қарым-қатынастағы әділеттілік қағидасы. Тоқаев алғаш рет президент болып сайланған кезде қоғамымызда әділетсіздік бар деп айтқаны есімде, бұл сөз маған әсер еткен болатын.

– Сонымен, өзгерістерді байқадыңыз ба?

– Таяуда ғана жас министрлерді тағайындады. Ал халық тағы да бірден оларды «тәжірибесі жоқ» деп сынап жатыр. Ал біреулер керісінше, жастар келсін деп отыр. Шын мәнінде, келген адам тым жас немесе тым кәрі деген талаптар болмауы керек. Кез келген жаңа басшының басты қасиеті – сыбайлас жемқорлықты мүлде жоққа шығару. Қоғамның бұл кеселі биліктегі кез келген адамды – кәріні де, жасты да аздырады, тоздырады. Бізге жаңа буын мен жаңа басқару жүйесі қажет.

– Біздегі менталитетті білесіз. Соны ескергенде бұл өте қиын шаруа ма деймін. Бізде білесіз ғой, біреуді бастық қылса, туысы жұмыс сұрайды, тендерге араластыруды өтінеді. Бір туысы таққа отырса, он туысы атқа мінеді...

– Не үшін біздің менталитет туралы әңгіме қозғадыңыз? Қазіргі жағдайды тұтас ұлттың менталитетіне теліген қалай болар екен? Меніңше, бұл қате пайым...

– 30 жыл бойы билікте ылғи шапыраштылар отырды. Президенттен бастап министрлер, әкімдер...

– Оныңыз рас, бірақ шындық шапыраштылардың лауазымда болғанында ғана емес. Бұл тақырыпта шексіз дауласып, руаралық шайқастарға дейін баруға болады. Біз бұдан алыстауымыз керек – бұл жерде менталитет емес, бәрі заң аясында болуы тиіс. Әрине, мемлекеттік лауазымдарға іріктеудің белгілі бір критерийлері негізінен туыстық байланыстарға қатысты болды, бірақ шапыраштылардың арасында да лайықты адамдар бар! Заңнамаларды жетілдіру керек – бұрынғыдай артықшылықты әлеуметтік топтар, жекелеген партиялар немесе жеке адамдар алмауы керек. Теңдік принципі болуы тиіс.

– Бірақ қазір не өзгерді? Қайда барсаң алдыңнан бұрынғы Нұр Отан – бүгінгі Аманат партиясы шығады.

– Барлық уақытта «болды, болды» дей бермей, алда қалай болатынын бағамдайық! Біз мемлекетті, экономиканы қалай басқару керектігін білеміз – қазақ енді жоғалып кетпейді, бірақ алға басатын уақыт жетті. Дегенмен бұл қозғалыс басталып та кетті – заңнамада, сайлау процесінде, саясатта, экономикада өзгерістер бар, олигархтардың ресурстарға қол жеткізуіне шектеулер қойылды. Менің ойымша, біз ұзақ жолдың ең басында тұрмыз, бірақ ертегідегідей - ұйықтап, жаңа күйде ояну - нәтиже бермейді. Мен әлеуметтік желілерде оқыдым. Адамдар қарқынның әлсіздігі мен шешімнің батыл жасалмай жатқанын жазып жатыр. Бірақ басқаша қалай болуы мүмкін? Бәрін тартып алып, бөлісу керек пе? Лауазымды, мал-мүлік пен ақшаны тартып алайық, банктерді қиратайық, дүкендерді тонайық – бұл біздің жолымыз емес! Біз бәрін әділетті түрде жасап, көбейтіп, таратуымыз керек.

– Нені көбейте аламыз? Бәрін ұрлап, офшорға тығып қойған жоқ па?

– Қазақстанның әлеуеті зор – қанша ұрлап-тонаса да, халық аштан өлмей келе жатыр. Әрине, әзіл, бірақ бұл әзілдің өз шындығы бар. Дауласпаймын, бай тұрмады халық, бірақ адамдық және табиғи әлеует пен ресурстарды сақтап қалдық. Енді билік халықтың, қалың бұқараның күш-қуатына сүйеніп, алға ұмтылуы керек.

– Билік айтуын айтып жатыр, уәдені де үйіп төгеді. Бірақ халық соған сенбейді.

– Қаңтардағы митингіге шыққандардың әлеуметтік портретін ашсаңыз, олардың табысы төмен адамдар екені анық. Жақсы өмір сүруге мүмкіндіктің жоқтығы – бұл басты әділетсіздік. Менің туған жерім Жетісу өңірінде мыңдаған түлек колледждерге, жоғары оқу орындарына, әскерге бара алмай қалады – ешқайда жұмысқа орналаспайды. Олардың көпшілігі қаңтар айында Талдықорғандағы алаңға шықты. Дәл осы жастар келешегін елестете алмады, мұндай өмір оларды қатты қыспаққа алғаны сонша, олар шектен шығып, әділетсіздікке қарсы кетті. Бірақ әлеуметтік лифттер құру деген бір жағынан шешілетін мәселе ғой. Орта арнаулы оқу орындарының бюджетін көбейтіп, гранттарды беру керек. Ал бізде олқылық бар – ақ жағалылар, министрлер, бизнесмендер, мемлекеттік қызметкерлер болса, жұмысшылар мен шаруалар әлі жарымай жүр. Бірақ «көк жағалылар», яғни кәсіптік-техникалық білім берудің белгілі бір мамандығы бар түлектер жоқтың қасы. IT маманы, инженер немесе мал дәрігері болу үшін жоғары оқу орнын бітірудің қажеті жоқ, бұл мамандардың барлығы нарыққа қажет. Сондықтан жастарға көмектесу – ұстаздық ету, қолдарына кәсіп беру керек. Олар жұмыс істеп, табыс табады. Қазақстанда орта арнаулы білімді қаржыландыруға мүмкіндіктер бар деп есептеймін.

– Бұл жөнінде Оқу-ағарту министрі білмейді деп ойлайсыз ба?

– Олар ең бастысы – бірде-бір мектеп түлегі мемлекеттің назарынан тыс қалмауы және әлеуметтік радардан жоғалып кетпеуі үшін барлығын жасау керектігін түсінетініне сенімдімін. Жастар не оқуы, не жұмыс істеуі, не әскерде қызмет етуі керек.

– Ауыл деген негізінен бірінші мәселе. Үкімет есебі бойынша, ауылды дамытуға қаншама миллиардтар жұмсалған! Бірақ халық әлі кедей.

– Сіз айтып отырған, бөлінген миллиардтардың өзі – көп емес. Мәселелерді кешенді түрде шешу керек. Ауылды туристік немесе ауыл шаруашылығына бейім деп салаға бөлуге болмайды. Мәселен, ауыл шаруашылығына миллиардтар, туризм саласын дамытудың жаңа бағдарламасына миллиардтар, жолдар мен басқа да инфрақұрылымдарға миллиардтар бөлініп жатыр – мұның бәрі қатар жүреді. Неліктен осы ақша ағынын біріктірмеске? Мысалы, Жетісу облысы Алматыдан бөлінгеннен кейін жалпы өңірлік ішкі өнімнің 15 пайызын ғана алды. Енді жаңа аймақта тұру бұрынғыдан қиынырақ болады деп қорытынды жасауға болады. Енді туризмге бәс тігеміз – кемпингтер, жолдар салайық, су мен электр қуатын тартайық. Осы туристік инвестицияның бенефициарлары бола алатын шаруа қожалықтарын неге бұған тартпасқа? Жоңғар Алатауының соқпақтарын шаруалардан артық кім біледі? Ешкім! Жылқышылар мен туристік бұрыштарды көрсетіп, ешкімге ұқсамайтын оқиғаларды баяндасын. Ал ауыл шаруашылығына субсидия қосса? Мұнда бір теңге сонда ғана екі теңгеге айналады.

– Бұл ережелерді өзгертуге кім кедергі келтіріп тұр? Біз бос жер жоқ дейміз, бірақ барлық жерді байлар алып алған жоқ па?

– Жеке адамдар көп мөлшерде жер ресурстарын - егістік алқаптарын да, жайылымдық жерлерді де иемденіп алған немесе ұзақ мерзімді жалға алған кездер болды. Енді бірінші кезекте, жерді түгендеп, кімнің немен, қандай құқықпен жерге иелік еткенін анықтауымыз керек. Екіншіден, осы жерді пайдаланбайтындарды анықтаған жөн. Бірақ жеке меншіктегі сатып алынған жерлер де бар. Егер олардың жері жай ғана тартып алынса, бұл да жанжалға әкеледі. Сондықтан бір ғана жол бар – заңдарды жетілдіру, өйткені қазіргі заң мәселені шешпейді. Үй иесін «қорадағы ит» болмауға мәжбүрлеу керек. Жерді өңдемесе, шөп шаппаса, базарға сатпаса, өнім жасамаса, өзіне де, қоғамға да зиянын тигізеді. Мұндай жағдайда халық мүддесі үшін мемлекет араласуы мүмкін. Бізде бай адамдар бар, олар жерде жұмыс істегісі келмейді, бірақ олар бір кездері жерді сатып алғаны үшін ғана халықтың өзін-өзі асырап, дамуы үшін кедергі жасамауы керек. Ссондықтан не инвестициялаңыз, не «кешіріңіз, ығысыңыз» - бұл жермен не істеу керектігін халық шешеді.

– Не үшін бұл мәселені депутаттар көтермеді?

– Ескі Қазақстанда 7-ші шақырылымның депутаттары сайланды. Олардың кім болғаны есіңізде - медиа саласындағы танымал тұлғалар, олар бір кездері жарқын нәрсе айтқан және, мүмкін, біреуге көмектескен. Депутат корпусы толық кәсіби және сауатты болмады, сондықтан дамыған демократиялық елдердегідей жеке заң шығарушы институтқа айналмады. Барлық жерде атқарушы билік заң шығарушы биліктен бөлінгенімен, бізде бұл тармақтар бірге өсті. Депутаттардың өз бастамаларын саусақпен санауға болады. Ал біз әлеуметтік мемлекет құруды бастағаннан бері осы институттар мен атрибуттардың барлығы болуы керек және біз оларға тек жаңа сайлау арқылы қол жеткізе аламыз.

Саят Нүсіповпен өрбіген сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia.kz порталының YouTube-арнасынан көре аласыздар.