Алматыға ұшақ билеті 9 мың теңгеге дейін түсіп кетті

Ulysmedia

Алматыға ұшақ билетінің бағасы үш есеге дейін арзандап кетті, деп хабарлайды ulysmedia.kz

kaztag.info

Журналист Асхат Ниязов бөліскен мәліметте(скрин) Астанадан Алматыға ұшақ билетінің бағасы тоғыз мың теңгеге дейін түсіп кеткенін көруге болады.

Дәл қазіргі сәтте алдағы күндерге ұшақ билеті (бір бағытта) 12-14 теңгеге сатылып жатыр. Ал 27-қаңтарда билет бағасы қайтадан бұрынғы қалпына түскен. Әдетте Алматы –Астана бағытында қазақстандық әуе команияларының билет құны эконом санат үшін 25-35 мың теңге аралығын құрайды.

Бағаның бұлай құбылуына кеше түнде Алматы қаласында болған жер сілкінісі әсер еткені түсінікті. Қазақстандықтар алып шаһарға сапар шегуге жүрексініп отырса керек.  Айта кетейік, Қ.Тоқаев Алматыға бұдан бұрын жоспарланған жұмыс сапарын шегерген жоқ. Мемлекет басшысы  24-25 қаңтар күндері Алматы қаласында болады.

Алматыдағы жер сілкінісі

Алматыда 23 қаңтар күні түнде қуатты жер сілкінісі болды. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы 40-тан астам адам жарақат алғаны жөнінде ақпарат таратты. 

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов үкімет отырысында (онлайн қатысты) жер сілкінісі 4 облыста болғанын, ең қуаттысы Алматыда болғанын мәлімдеді.

Құтқарушылар жер сілкінісі болған жағдайда мына 10 кеңесті есте сақтауға шақырды. Олар не дейді:

  • Сабырлы болыңыз, үрейленбеңіз;
  • Жер сілкінген кезде лифтті пайдаланбаңыз;
  • Жиһаздардан, терезелерден, люстралардан алыс жүріңіз;
  • Сенімді, берік орын табыңыз: егер сіз жоғарғы қабатта болсаңыз, қабырғалардың бұрышынан орын алыңыз;
  • Үй-жайдан шығыңыз (көпқабатты үйлерде – дүмпу тоқтағаннан кейін);
  • Суды, газды, электр қуатын өшіріңіз;
  • Алдын ала дайындалған шұғыл сөмкені алыңыз;
  • Электр желілерінен, ғимараттардан, ағаштардан аулақ болыңыз;
  • Жер асты дүмпулеріне дайын болыңыз;
  • Балаларға, қарттарға, мүгедектерге көмек көрсетіңіз.