Маңғыстау облысында мұнай компаниялары бос жұмыс орындарын жасырған

Ulysmedia

Маңғыстауда мұнай-газ саласы бойынша отызға жуық компания бос жұмыс орындары туралы хабарламағаны белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Азаттық

Облыстық прокуратура бос жұмыс орындарын бөлу және оларды ақпараттық порталда жариялауға қатысты заңнама талаптарының сақталуына талдау жүргізу барысында жұмыс берушілердің талап бұзған бірнеше жағдайын анықтады.

Соңғы 2 жыл ішіндегі тексерулер мен талдаулардың нәтижесі бойынша мұнай-газ саласының көптеген компанияларында бос жұмыс орындары туралы деректі хабарламаудың мыңнан астам оқиғасы белгілі болып отыр.

Прокуратура органдары осы деректер бойынша „немқұрайлы жұмыс берушілерді“ әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қадағалау актілерін енгізді. Әкімшілік бұзушылықтар туралы Кодекстің 98-бабына сәйкес бос жұмыс орындарының болуы туралы мәліметтерді халықты жұмыспен қамту орталығына жібермеу, уақытында жолдамау әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұдан бөлек, жұмыс берушілер еңбек шарттары туралы мәліметтерді бірыңғай есепке алу жүйесіне енгізу жөніндегі міндеттерді толық көлемде орындамайды, — деді облыстық прокуратурадан.

Еске салсақ, Маңғыстау облысында ереуіл болып, жұмыссыздар Westoil қызметкерлерінің орнына жұмысқа тұруды талап етіп, үндеу жолдаған болатын.

Біз, Жетібай ауылының жұмыссыз тұрғындарын Westoil Software компаниясындағы бос орындарға жұмысқа орналастыруды талап етеміз, - делінген үндеуде.