Құлсарыда су басқан үй саны екі жарым мыңға жуықтады

Сырым Қаржас

Атырау облысы Құлсары қаласында сағат 22.45-тегі жағдай бойынша алдын ала ақпаратқа сәйкес, 2500-ге жуық жеке тұрғын үй мен әкімшілік ғимаратын су басты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Скриншот

4 мыңнан астам адам көшірілген

Жергілікті атқарушы орган, төтенше жағдайлар министрлігі, полиция департаменті, қорғаныс министрлігі мен ұлттық ұлан күштері халықты эвакуациялау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Осы сағатта 4 мыңнан астам адам, оның ішінде 1 мыңнан астам бала эвакуацияланған.

Су тасқыны бірнеше күннен бері Атырау облысы Жылыой ауданы халқының да ұйқысын қашырған. Үш-төрт күннен бері Жем өзені тасып, жиналған халық құтқарушылармен бірге бөгеу жасап, тасқын салдарын барынша жеңілдетуге тырысап бағуға бекінген.

Ulysmedia.kz тілшісі бүгін құлсарылықтармен тілдесіп, жағдайды біліп көруге тырысқан. Азамат Төрехан атты жергілікті тұрғын қала халқы жиналып, төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлерімен бірге жүргенін айтады.

Қазақстандағы су тасқыны

Биылғы тасқын Қазақстанның бірнеше өңірінде болып, жылдағыдан қарағанда күрделі жағдай туғызды. Әуелі Көкшетаудағы Қылшақты өзені арнасынан асып, 16 жеке үй, 29 жеке аула аумағы және 12 көпқабатты тұрғын үй ауласы, сондай-ақ "Еркөстік"балабақшасының 1-қабатына су жайылған.

25 наурызда Көкшетау қаласындағы № 22 орта мектеп ғимаратын еріген су басып қалды.

Ақтөбедегі Сазды өзені арнасынан асты.

Бас прокуратура Қазақстандағы су тасқынының салдары туралы мәлімдеме жасады. Ең күрделі жағдай Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Абай және Ұлытау облыстарында байқалатынын хабарлаған болатын.