Құлсарыда су басу қаупі бар шағынаудандар халқы ғана эвакуацияланады – Жылыой ауданы әкімі

Сырым Қаржас

Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов Құлсарыдағы жағдайға байланысты қала халқына үндеу жасады, деп жазады Ulysmedia.kz.

скриншот

Әкімнің үндеуі

– Құлсары қаласы тұрғындарының назарына! Қаламыздың тұрғындарын толықтай эвакуациялау туралы жергілікті халық арасында түсініспеушілік туындады. Қазіргі уақытта тек су басу қаупі бар шағынаудандардың тұрғындары ғана эвакуацияланады. Бүгін әкімдік Жем өзенінің арналарын тазартуға айтарлықтай күш салды. Ол су деңгейінің төмендеуіне оң әсерін тигізеді, – дейді Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов.

Ол сенімін жоғалтпай, жағаны бекіту жұмыстарын жұмыла жасап жатқан Құлсары халқына алғысын білдірді.

– Жағдайдың қиындығына қарамастан, халықты үрейге ерік бермеуге шақырамын. Туындаған келеңсіздіктерді мейлінше азайтып, сүйікті қаламыздың әр тұрғынының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге барымызды саламыз, – дейді ол.

Құлсарыдағы су тасқыны

Естеріңізге салсақ, Атырау облысы Құлсары қаласында кеше сағат 22.45-тегі жағдай бойынша алдын ала ақпаратқа сәйкес, 2500-ге жуық жеке тұрғын үй мен әкімшілік ғимаратын су басқан болатын. Ulysmedia.kz порталының тілшісі құлсарылықтармен сөйлесіп, жағдайды біліп көруге тырысқан. Қала халқы бірігіп, табиғи апаттың салдарын азайтуға барынша күш салып жатыр.