«Ауылда жастарға жұмыс жоқ, қалада қап арқалап, такси боп жүр»: Билікте жоспар бар ма? Бозымбаев не дейді

Аян Өрібай

Ulysmedia тілшісі үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаевтан ауыл жастарының жұмыссыздығы мәселесі қалай реттелетінін сұрап көрді.

Ulysmedia коллажы

АЛТЫ МЫҢНАН АСА АУЫЛ БАР

Қазақстанда 6 мыңнан аса ауыл бар. Жаз бойы Ulysmedia.kz журналистері ауылдарды аралаған кезде жұмыссыз жастар өте көп екені байқалған. 

“Алтын орда” сынды үлкен базарларда қап арқалағандар, такси боп жүргендердің бәрі ауыл жастары. Қалаға барса тапқаны ішкен-жегенін аспайды, ауылға барса жұмыс жоқ. Бұл мәселені шешерлік сіздерде, үкіметте нақты жоспар бар ма? – деп сұралды Бозымбаевтан.

БОЗЫМБАЕВ НЕ ДЕЙДІ

– Өте маңызды сұрақ. Біз бұл мәселені білеміз. Қазір аймақтық саясатты өзгертеміз деп отырмыз. Тиісті топ бар. 75 сарапшы әрбір өңірге бірінші тоқсанда барып, скриниң жұмыстарын жасайды. Әр ауылда қандай мамандықтар қажет екенін айқындайды. Біреулер малмен айналысады. Біреулер сүт өңдейді, біреулер жер өңдеп, көкөніс өсіреді. Қандай қолайлы жағдай жасау керектігін, қандай құрылым салынуы керектігін айқындайды. Кейбіреулер мысалы, екі сиыр ұстайды. Бірақ олар жайылым жағынан, мал азығы жағынан проблема болуы мүкмін. Сүт өткізетін орын жоқ. Сүт сақтайтын қоймалар керек. Машинамен тасымалдап, цистерналармен сүт зауытына өткізу мәселелері… Бізде жеке қосалқы шаруашылықтар жалпы ауыл шаруашылығы экономикасындағы үлесі 36 пайыз құрайды. Оны екі есе арттыру шараларын қабылдау үшін жоспар қарап жатырмыз, – дейді ол.

Вице-премьердің айтуынша, скриниң жұмыстары бірінші тоқсанда жасалады. Екінші тоқсанда жаңа аймақтық саясат тұжырымдамасы бекітіледі. Мемлекеттік бағдарламалар қайта қаралады. 

АУЫЛҒА ЖОЛ

Жалпы елдің күретамыры – ауылдарда ахуал қандай? Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде билік уәде еткендей халыққа көмек көрсетіліп жатыр ма? Ауылдың түтіні қалай түзеледі? Ол үшін жергілікті атқарушы органдар қандай шаруа атқаруда? Былтыр Ulysmedia командасы «Ауылға жол» атты жаңа жоба бойынша өңірлерді аралаған еді. Онда редакцияның шығармашыл тобы ауыл-аймақты аралап, жұртшылықтың тыныс-тіршілігімен танысып, оқырман мен көрерменге өңірлерден ақпарат таратқан.