Дәрігерлер Жалпақсайда ит өлімші етіп талап кеткен баланың қазіргі жағдайын айтты

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы Алматы облысының Жалпақсай ауылында ит талап кеткен 10 жасар баланың жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Басқарма мәліметінше, 1 шілдеде жағдайы тұрақтанғаннан кейін 2014 жылы туған бала Қарасай аудандық орталық ауруханасынан Облыстық балалар клиникалық ауруханасына ауыстырылды. Ол реанимация бөлімшесіне жатқызылған.

- Науқастың жағдайы тұрақты ауыр, нашарлау белгілері жоқ. Есін біледі. Науқаспен және оның анасымен клиникалық психолог жұмыс жүргізіп жатыр. Пациентке Қазақ медициналық университетінің нейрохирургы мен Қазақ ұлттық медицина университетінің профессоры кеңес берген. Емдеу шаралары клиникалық хаттамаларға сәйкес толық көлемде жүргізілуде, – делінген жауапта. 

ОҚИҒА ТУРАЛЫ

Еске салайық, Ұлысмедиа тілшісі оқиға орнында болып, Жалпақсайдағы жантүршігерлік жағдайдың жай-жапсарын анықтаған болатын. Алматы облысындағы Жалпақсай ауылында 10 жастағы жасөспірімді ит өлімші етіп талап, қазір ол ауруханада жансақтау бөлімінде жатыр. Туыстары мен ауыл тұрғындары баланы футбол алаңында ойнап жүрген жерінде үш ит талаған дейді. Олар адам көрсе шабатын иттерді ауылдағы «Бостандық» реабелитациялық орталығы асырап отыр дейді.