Оққа ұшқан итке араша түскен Сапарбаев сынның астында қалды

Ulysmedia

Таразда ит аулаушылар атып тастаған ит иесіне мән-жайды түсіндіру үшін, бірнеше шенеунікті ертіп әкімдік алдына шыққан Бердібек Сапрабаевтың әрекеті желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz

Қалада қаңғыбас иттерді аулау кезінде жергілікті белсенді Жанна Папинаның «Персик» атты иті оққа ұшты.

Фото: оққа ұшқан ит

Белсенді бұл мәселені көтеріп, әлеуметік желілерде тікелей эфирге шығады. Әкімдік алдына барып қарсылық та білдірген. Сол кезде Сапарбаев бірнеше шенеунікті ертіп алып, Папинаның алдында қоластындағы қызметкерлерге ескерту жасады.

«Екеуің де кінәлісіңдер. Шаш ал десе бас аласыңдар. Сендерге ешкім айтқан жоқ қой, бәрін атыңдар қырыңдар деп. Сендер әуелі алдымен анықтауларың керек еді, мынаның адамға зияны бар ма, жоқ па? Балдарды қаба ма қаппай ма? Ауру ма, сау ма? Қауіпті ма? Содан кейін ғана әрекет ету керек еді»,-  деді Сапарбаев.

Фото: Жанна Папина

Желі қолданушылары не үшін ренжіп жатыр. Көпшілік қаңтар қақтығысы кезінде қырылып қалғандар ит құрлы жоқ па деген сауал қояды. Сондай-ақ, әкімдікке келген көпбалалы аналарға пысқырмаған еді деген пікірлер білдіріп жатыр.

«Есігінің алдында сағаттап көп балалы аналар келгенде шықпаған әкім, әкімдікті бүлікшілер өртеп жатқанда шықпаған әкім, журналистерді тергеп тексеріп, тепкілеп жатқанда келмеген әкім, келді! "Шаш ал десе бас аласыңдар. Президент сендерге бәрін атыңдар, қырыңдар деген жоқ қой. Барлығы террористер емес қой, арасында бейбіт шерушілер, кездейсоқ жүргендер бар. Алдымен анықтамайсыңдар ма? Қоғамға зияны бар ма, жоқ па? Қауіпті ме? Содан кейін ғана әрекет ету керек" деп естідім, солай түсіндім!», - деп жазды журналист Жасұлан Әбдіхалық.

Фото: ztgzt.kz. Көп балалы аналар тұрғын үй беру рәсімін жеделдетуді талап етті, Тараз әкімдігінің ғимараты, 2020 ж.1 ақпан

Жанна Папинаға жағдайды түсіндіруге шыққан Сапарбаевтың жанында қала әкімі Ержан Жылқыбаев, орынбасары Нұржан Нұржігітов, ветеринария бөлімінің басшысы және баспасөз хатшысы болған. Шынымен де, видеода бір топ шенеуніктің көзімен жер шұқып тұрғаны ыңғайсыз көрінеді.

Хайуанатқа қамқор болу, жанашырлық танытқан дұрыс әрине. Тек бұл үш бірдей әкім араласатын шаруа ма? Әлде кезекті ұпай жинау әрекеті ме? Желі қолданушыларынің пікірі төмендегідей.