«Кезекте тұрып адам қайтыс болды»: Қазақ-Қытай шекарасындағы кептелістің себебі мен салдары

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia.kz коллажы

«Нұр жолы» өткізу кеден бекетінде мыңнан астам жүк көлігі үш күннен бері кездекте тұрғаны туралы әлеуметтік желіде ақпарат тарады. Видео авторы полицияның екінші жолды жауып тастағанын айтып шағымданады. Ulysmedia кейінгі уақыттары даулы оқиғаларда аты аталатын «Нұр жолы» кеден бекетінде не болып жатқанын анықтап көрді.

ЖЕЛІДЕ ТАРАҒАН ВИДЕО

12 қарашада «Бәсе» телеграм арнасы Алматы-Қорғас тас жолына түсірілді делінген видео жариялады. Онда ер адам жел шетінде кезекте тұрған ұзын-сонар жүк көліктерін көрсетіп, полиция көлігіне нұсқап, «бассыздық» деп шағымданады.

«Алматы-Қорғас. Бассыздық. Қызметкерлер мүлде әрекетсіз. Екінші жолдың екінші жолағы жабық. Олар осында тұр. Не істеп жатқандарын білмеймін», – дейді видеода ер адам.

Фото: скриншот

«КЕЗЕКТЕ ТҰРЫП АДАМ ҚАЙТЫС БОЛДЫ»

Осыған байланысты Ulysmedia тілшісі кеден бекетінде кезекте тұрған көлік жүргізушілерімен сөйлесіп көрді. Олардың сөзінше, қазір кезекте тұрған көлік шамамен 3-4 мың.

«Неше күннен бері елдер кезекте тұр. Адам қайтыс болып жатыр арамызда жүрегі тоқтап. Бұл бірінші рет емес. Өткенде де осындай болып, тағы адам қайтыс болған... Қазір шамамен 3-4 мың көлік тұр. Алдында 70 шақырымға дейін тұрған. Қазір азайыпты ғой», – деді Ulysmedia-ға Руслан есімді көлік жүргізушісі.

КОМИТЕТ ЖАУАБЫ

Мемлекеттік кірістер комитеті «Нұр жолы» өткізу бекетіндегі жағдайға байланысты түсініктеме берді. Комитет кеден бекетінде 1,5 мың жүк көлігінің кезекте тұрғанын растады және оған Қытай тарапының уағдаластықты орындамауы себеп екенін айтты.

«Келісімдерге сәйкес, электрондық кезек жүйесіндегі (ЭКЖ) лимиттер тасымалдау процесінің үздіксіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұлғайтылды. Алайда 2025 жылғы 8–12 қараша аралығында Қытай тарапы қабылдаған көлік құралдарының нақты саны тәулігіне орта есеппен 700–750 бірлікті құрады. Бұл жағдай Қазақстан тарапындағы автокөліктердің уақытша жиналып қалуының негізгі себебі болды», — деп мәлімдеді мемлекеттік кірістер комитеті.

Көрнекі сурет. Фото: ашық дереккөзден

«СЛОТ АШҚАН САЙЫН ОЛАРҒА АҚША ТҮСЕДІ»

Бірақ көлік жүргізушілері мұнымен келіспейді. Олардың сөзінше, Қытай тарапы көліктерді уақытылы өткізіп жатыр. Қазақстан жағы бекеттен өтуге рұқсат беретін талондарды шамадан тыс көп беріп тастаған.

«Жаңалықтардан Қытайлардың кінәсі, Қытайлар қабылдамай жатыр деп көрсетіп жатыр. Қытайлар қабылдап жатыр. Қазақстан сияқты емес, Қытайлар жақсы қабылдап жатыр. Мына жерде слот ашып тастаған. Кінә содан болып тұр ғой. Алдындағыдай 850 машинаға ғана беру керек еді. Күніне 1500 машина өтеді деп ашып тастаған ғой қазір. Бір тәулікте 1500 машина кіріп үлгермейді ғой... Слот ашқан сайын оларға ақша түседі. Сол себепті олар ашып тастап отыр ғой. Жылдың аяғы болып қалды, тендерден ұтып алған ақшаларын шығару керек қой», – деді Руслан.

«ҚОРҒАС» ПЕН «НҰР ЖОЛЫ» ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ДАУ

«Нұр жолы» кеден бекетінде жүк көліктерін өткізуге байланысты дау бұған дейін де болған. 2021 жылы көлік жүргізушілері экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваға қатысы бар «EuroTransit» компаниясының «жүк көліктері бекеттен кезексіз өтеді. Басқаларымыз кезекті апталап күтеміз» деп шағымданып, наразылыққа шыққан.

Бұған қоса, Қытаймен Қазақстан арасындағы тауар айналымында да айырмашылық бар. Екі ел шекарасынан өтен экспорт пен импорт айырмашылығы миллиардтаған долларды құрайды.  

Мысалы, 2024 жылы Қытай Қазақстанға 27,96 миллиард доллар көлемінде экспорт жасағанын мәлімдеді. Ал Қазақстан небәрі 15,21 миллиард доллар көлеміндегі импортты тіркеген. Айырмашылық шамамен 12,8 миллиард долларды құрайды. Дәл осындай жағдай 2023 жылы да байқалған. Ол кезде Қытай 24,7 миллиард доллар тауар жөнелткенін хабарласа, Қазақстан тек 15,4 миллиард доллар импортты есепке алған.

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жемқорлыққа қарсы ең ірі іс те дәл осы «Қорғас» кеден бекетімен байланысты. 2014 жылы ел арасында «Қорғас ісі» аталып кеткен іс бойынша 45 адам сотталды. Ол бойынша ұлттық қауіпсіздік комитеті мен кеден қызметінің лауазымды шенділері жауапқа тартылып, кейбірі ұзақ жылға сотталды.