Павлодар облысында орталық жылыту мен ыстық судың бағасы өткен аймен салыстырғанда орташа есеппен 24,8%-ға өсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы облыстық статистика департаменті мәлім етті.
Сондай-ақ, соңғы айда аймақта тұрғындардың суық суға жұмсаған шығындары 6,5%-ға, ал су бұруға жұмсаған шығындары 11,1%-ға өскен.
Ақпан айында Павлодар облысында тұтыну бағаларының индексі 101,5% құрады.
Естеріңізге салсақ, өткен айда Павлодарда жылу тарифі айтарлықтай көтерілген болатын. Көптеген тұрмыстық тұтынушылар үшін ол бірден 30%-ға өсті. "Павлодарэнерго" компаниясындағылар мұны инвестициялық міндеттемелерді орындаумен және жыл сайынғы инфляция деңгейімен байланыстырды. Есептеу аспабы бар тұрмыстық тұтынушылар үшін ол 1 Гкал үшін 2 050,57 теңгеден 2 672,89 теңгеге дейін ұлғайтылды. Есептеу құралдарымен жабдықталмаған үйлер үшін Тариф 1 Гкал үшін 3 145,70 теңгеден 3 473,92 теңгеге дейін ұлғайтылды.
Айта кетейік, өткен жылдың 27 қарашасында Екібастұздағы жылу желілерінде апат болып, бірден 149 тұрғын үй жылусыз қалған еді. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Тұрғындар қатарынан бірнеше күн бойы жылусыз отырды. Үйлердегі жылу батареялары жарылып, канализация желілері бүлінді. Қаладағы жағдайды тұрақтандыру жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Екібастұздықтар екі күннің бірінде жылусыз отыруға мәжбүр.
8 ақпанда «Павлодарэнерго» АҚ бұрынғы бас директоры Вадим Лесин Екібастұз қаласын жылумен қамту проблемасын жылыту маусымы аяқталғанға дейін шеше алмайтынын мәлімдеді.
Жуырда өңірге жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр Вадим Лесиннің жұмысын қатаң сынға алып, оның қызметінен босатылуын талап етті.
15 ақпанда компанияға жаңа басшы тағайындалды.
Өңірлерді дамыту жөніндегі Парламенттік тыңдауда Екібастұздағы жылу мәселесі көтеріліп, сенатор Алтынбек Нұхұлы қаладағы жылумен жабдықтау жүйесіне жүргізіліп жатқан түгендеу жұмыстарының ұзаққа созылып кеткенін сынға алған болатын.
Мәселені сиырқұйымшақтандырып жіберген үкімет Екібастұздағы жылу электр орталығындағы апаттың шығынын кім өтейтінін әлі шешкен жоқ.