Елде ғылыми институттарды қаржыландырудың арнайы ережесі әзірленеді

Аян Өрібай

Тың ереже арқылы ғылыми институттарды қаржыландыру мәселесін реттеу көзделген. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Жанна Құрманғалиева айтты, деп хабарлайды ulysmedia.kz тілшісі. 

ғылым

«Біз тіл, тарих, мәдениет, әдебиет, философия, археология саласындағы ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру мүмкіндігін арттыруымыз керек. Аталған сала бойынша зерттеу жобалары аз болса да, оның ел болашағы мен ұлттық бірегейлікті сақтап, дамытуда маңызы зор. Сондықтан да олар тікелей мемлекеттік қолдауды талап етеді. Бұл туралы былтыр Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру тәртібін енгізуді тапсырған болатын. Алайда бұл мәселені ғылым туралы заңнаманы өзгертпей шешу мүмкін емес еді», - деді Жанна Құрманғалиева Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бүгінде ғылыми мекемелерді қаржыландыру ережесі әзірленіп жатыр.

«Мемлекет басшысы нақты тапсырма берді және ол өзекті. Осы орайда бүгінде біздің министрлік ғылыми институттарды іріктеу мен қаржыландырудың айқын әрі ашық ережесін әзірлеуге кірісті. Әрине бұл жұмыс бүкіл ғылыми қауымдастықпен бірлесе жүргізілетін болады», - дейді комитет басшысы.