Бюджетке түспеген миллиардтар: «Bazis-A» мен «Bi Group» қанша салық берешек

Сырым Қаржас

Мемлекеттік кірістер органдары ірі құрылыс компаниялары санатындағы «Bazis-A» және «Bi Group» қанша сомада салық кірістерін төмендетіп көрсеткені жөнінде ақпарат берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

САЛЫҚШЫЛАРДАН ХАБАРЛАМА

Мемлекеттік кірістер органдары «Bazis-A» компаниясына 4,6 млрд теңге, «Bi Group» компаниясына 11,9 млрд теңге мөлшерінде салыққа жататын кірістерін төмендетіп көрсетілгені жөнінде хабарлама жіберген.

Аталған жұмыс 2022-2023 жылдар аралығында арнайы салықтық режимдерді (АСР) қолданатын субъектілер мен жалпыға бірдей белгіленген тәртіпте жұмыс істейтін компаниялар арасындағы өзара есеп айырысуларды талдау шеңберінде жүргізілген. Талдау нәтижесінде бұл компаниялардың АСР-ды салықтық төлемдерін азайту мақсатында пайдаланғаны анықталған. Камералдық бақылау рәсімі салық төлеушілерге тексеріс жүргізбей-ақ өз кірістерін түзетіп, салықтарын төлеуге мүмкіндік беретінін түсіндіреміз, - деп ескертеді салық органдары.

КЕРІ САНАҚ БАСТАЛДЫ

Ulysmedia.kz редакциясы еліміздің қазіргі экономикалық жағдайына көңілі толатындардың және түрлі дағдарыстарға қарамастан Forbes тізімінде жоғарылап келе жатқан алпауыттардың ашуын тудыратынын біле тұра, әділетті салық жүйесі мәселесін көтергенін бұған дейін жазған еді. Біз «әділетті» салық деген ұғымның мән-маңызын ашып көрсетуге тырыстық, сарапшылармен бірге ҚҚС-ты кімдер төлеуі тиіс екенін талдадық, сондай-ақ салық реформасы шағын және орта бизнесті күйретуі мүмкін бе, әлде жоқ па деген сұраққа жауап іздедік. Бірақ неліктен мемлекеттік қазына таусылып барады деген басты сұрағымызға ешкім нақты жауап бере алмады.

Қоғам осылай әрі-сәрі күй кешіп тұрған шақта әдетте сөзге сараң премьер-министр Олжас Бектенов күтпеген жерден дипломатиялық әдептілікті ысырып қойып, олигархтарға салық мәселесі бойынша үндеу жасады. Толығырақ сілтемеден оқи аласыз.