2024 жылы 2 қыркүйекте Ақтөбедегі мектеп оқушыларының қолынан 15 жастағы Нұржан Сыдық жан тапсырғаны туралы ақпарат тараған еді. Бүгінгі таңда іске қатысты тергеу аяқталуға жақын. Бірақ Нұржанның туған-туыстары іс бойынша баптың ауысып кеткенін айтып шағымданады. Ulysmedia.kz тілшісі марқұмның әпкесімен сөйлесіп, не себепті бас прокурор Берік Асыловтың өзі бақылауға алған істе шу шығып жатқанын сұрап білді.
ОҚИҒА ЖАЙЛЫ
Оқиға 2024 жылдың 2 қыркүйек күні Ақтөбе облысы Темір ауданы Қопа ауылында болған. Сол тұста Нұржанның әпкесі күдіктілер жауапкершіліктен сытылып кетуі мүмкін деп алаңдап, БАҚ-қа шыққан еді. Әпкесінің айтуынша, оқиға орнында Нұржанды қосқанда 19 адам болған. 11-ші сынып оқушылары төменгі сыныпта оқитын балаларды жинап, өздерінше тәртіпке салмақ болған. «Інім сол әрекеттен қайтыс болды» дейді Аяжан.
Оны 15-ке жуық оқушы жабылып сабаған. Бір сағат бойы аяусыз ұрып-соққан. Кейін барлығы оқиға орнынан ізін суытқан. Інім айдалада жалғыз қалып, азаптан өлді. Мұрны мен құлағынан көп қан кеткен. Өмірлік маңызды органдарына соққы тікелей әсер етті, – деген еді былтыр марқұмның туыстары.
Қазақстанның бас прокуроры Берік Асылов Нұржан Сыдықтың өлімі бойынша тергеуді жеке бақылауға алынғанын хабарлаған еді. “Үлкен балалар кішкентайларға сабақ береміз деп, бір-біріне ұрғызған” деген еді сол тұста бас прокурор. Ақтөбе облысының білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан бұл факт бойынша тергеу жүріп жатқанын жеткізген болатын.
ПРОКУРОР ӨЗГЕРТІП ТАСТАДЫ
Аяжанның айтуынша, тергеу қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлімімен («абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соқтырған денсаулыққа ауыр зиян келтіру») жүргізілген. Жәбірленушілер мұнымен келіспейтінін білдіріп, былтыр 24 қазанда істі 99-баптың 2-бөлігіне («кісі өлтіру, алдын ала сөз байласу бойынша қасақана істеу) ауыстыруды сұраған.
Тергеу ісі 106-бап 3 тараумен қаралып бастаған. Содан соң қоғамдық резонанстың арқасында «адам өлтіру»бабына ауыстырған болатынбыз. Тергеу сол баппен қаралып жатты. Басында үш бала ұсталды, кейін олардың саны алтыға жетті. Тергеудің аяқталуына бір ай қалғанда, 10 қаңтар күні жаңа прокурор келді. Бұрынғы прокурор 99- бапты қайтадан 106-ға ауыстырып кетіпті. Енді біз сол өзгертумен күресіп жатырмыз», - дейді Аяжан.
ІНІМДІ ЖАБЫЛЫП ӨЛТІРДІ
Адвокатымның айтқаны, бұл жағдай адам өлімі – іс сол 99-баппен тергелуі керек. Ауыстырып тастағанын өзгертуге шамамыз келмей жатыр, - дейді Аяжан.
Жәбірленуішлер қылмыстық істің «адам өлтіру» бабымен сотқа жолдануын талап етеді. Нұржанды топтасып өлтірілгені есепке алынуы керек деп санайды.
Қанша адам ұсталып, сотталатынын білмейміз, бірақ 99-бап арқылы ұйымдастырған, ұрған, «ұр» деп айтқандардың бәрі де жазасын алуы керек. Переквалификация жасаттық. Неліктен ауыстырып тастағанын білмейміз, түсіндірген жоқ. Баптар балалардың ата-аналары арыз жазып, шу көтергеннен кейін өзгертілген болуы мүмкін, - дейді Аяжан.
Ulysmedia.kz бұл істі бақылауында ұстайды.
Ділназ Бишер