Әбілдаевпен Ресейдің арнаулы қызметі айналысқан секілді – Қазыбек Иса

Ulysmedia

Ақ жол партиясының құрамында Азамат Әбілдаевпен бірге жүрген экс-депутат Қазыбек Иса әріптесінің әрекетін қатаң сынады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Азамат Әбілдаев жайлы ойын Қазыбек Иса әлеуметтік желіге жазды.

«АНТБҰЗАР АБИЛЬДАЕВ ҰЛТТЫ САТЫП КЕТТІ! Азамат Әбілдаевтың айдың-күннің аманында жер астынан жік шыққандай, сайлау басталғанда сайтандай сап ете қалған сатқындығы нағыз арқадан сұғылған қанжар болды… Өйткені, бұл жерде бір партияның ғана мәселесі емес, ұлт мүддесі, Тәуелсіз Қазақ Елінің мүддесі қарақан бастың қараулық пиғылымен жеке есеп  үшін сатылып кетіп тұр…» - дейді Қазыбек Иса.

Оның жазуынша, Әбілдаевтың «мен малдың ішінде жүргенде Ақ жол партиясын ұлтшылдар жаулап алыпты» деген сөзінің өтірік екенін айтады.

««Іштен шыққан жау жаман», ”Адам аласы - ішінде” деген мақалдарды атам қазақтың  босқа айтпағанына анық көзіміз жетті! Яғни, ел ішінде ондайлар да кездесіп тұратынын біле бастадық. Өз басым парламентке барғалы екі жыл болды. Мен Мәжілістегі әлеуметтік-мәдени комитетте, ол  аграрлық комитетте істеді. Тек аптасына бір рет қана фракция жиынында ғана көріп қаламыз. Жақын араласқан жоқпыз. Оның “партия бұрын кәсіпкерлер партиясы еді, кейінгіт кезде ғана аяқ астынан ұлтшыл боп кетті” дегені қып-қызыл өтірік», - дейді ол.

Қазыбек Исаның жазуынша, бұған дейін Азамат Әбілдаев сұхбат беруге келісе бермейтінг. Алайда бұл жолы өзі сұхбат беруге келісіп, одан тілші Украина-Ресей қатынасын, ұлтшылдық мәселесін  сұрамаса да, сұхбат барысында аяқ астынан бірден сол тақырыпқа кірісіп кеткен...

«Елбасы туралы заңның жойылуынан кейін бірден мұндай ел мүддесіне қарсы сұхбат беруі, тәуелсіз мемлекеттер туралы, олардың президенттері жайлы ешқандай депутаттық этикаға жатпайтын сөздер айтуы қисынсыз. Тәуелсіз Украинаға Ресейдің басқыншылығын «арнайы операция» деп, көрші елдің етігін сүйреткен қатардағы сарбазы жаттаған ұранды өзге елдің  саясаткер депутатының айтуы, бір елді жерге тығып, бір елді  көкке көтеруі «Ақ жол» партиясының ұстанымына да еш сай келмейді, қарама-қайшы! Оның осы тірлігі көңілге көп күдік ұялатады», - дейді ол.

Азамат Әбілдаев бұған дейін Ақ жол партиясының Алаш тақырыбындағы, Қазақстан Республикасын Қазақ Республикасы деп өзгерту бастамаларын қолдап дауыс беріп келген.

«Яғни, оның ұлтшылдыққа қарсы әңгімелері енді ғана, кеше ғана аяқ астынан шықты деуге болады. Бұл дегеніміз - осы партиямызға жат көзқарас оған таяуда пайда болған тапсырма берушілердің талабы екенін анық көрсетуде. Оның қазіргі істеп жатқаны партиямызға ғана қарсы емес, Елімізге, Тәуелсіздігімізге, жер тұтастығымызға қарсы қарекет», - дейді ол.

Қазыбек Иса «Әбілдаев Ресей жобасы ма?» деген сұраққа жауап іздейді.

«Әбілдаевпен көрші елдің арнаулы қызметі арнайы айналысқан секілді... Украинада осындай орысшыл депутаттар ОПЗЖ атты бір блок құрған болатын, олардың мақсаты - басқыншылар келгенде, парламентті өздері қолға алып, Ресейге саяси қолдау көрсету еді. Бұндай қатердің басын сезген сәтте «Ақ жол» партиясы оны бір сәтте партиядан да, парламенттен де шығарып, ондай әрекеттерге жол бермейтінімізді айқын көрсеттік. Енді елімізге де, парламентке де, барлық партияларға Әбілдаев синдромы сабақ болуға тиісті. Бәлкім, Парламентке ант берген депутаттың антты бұзғанда қандай жауапқа тартылатынына ел алғаш куә болуға тура келетін сәт келген болар... «Қазақстан Ресейсіз күн көре алмайды» деген депутаттың сөзі мемлекет Тәуелсіздігін теріске шығарып, ұлттық қауіпсіздікке төнген зор қауіп! Бұл - Парламент депутатының: «ҚР халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен Тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген міндеттерін адал атқаруға АНТ етемін!»-деген Антын бұзып отыр емес пе?!» - дейді Қазыбек Иса.

Еске сала кетсек, Ресей әскерінің Украинаға басып кіруін қолдаған, оны «арнайы операция» деп атаған Қазақстан депутаты Азамат Әбілдаев өткір сынға қалған еді. Азаттыққа берген сұхбатында ол НАТО мен Украинаны айыптай сөйлеген. Депутаттың сұхбаты әлеуметтік желіде қызу талқыланды.

Көп өтпей ол Ақ жол партиясы қатарынан шығарылды. Артынша Мәжілістегі өкілеттігі жойылды.

Осы оқиғадан кейін Азамат Әбілдаев ресейлік арналарға сұхбат беріп, өзінің оған дейін айтқан сөздерін қуаттай түсті.