Тоқаев қазақстандықтарды Амал мерекесімен құттықтады

Ulysmedia

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды көрісу күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

«Барша Қазақстан халқын бүгінгі Амал мерекесімен құттықтаймын! Көктемнің алғашқы лебін ала келетін бұл күнді жұртшылық ежелден асыға күткен. Елдік пен ынтымаққа шақыратын осы мейрам – ұлтымыздың бауырмалдық салтының жарқын көрінісі. Жыл берекелі болсын, ағайын!», - деп жазды Мемлекет басшысы Twitter парақшасында.

Айта кетейік, Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінің ауқымын кеңейту үшін төл жаңа жылды күн мен түн теңелерден 10 күн бұрын бастау әдетке айналып келеді. Он күндік думанды мазмұнды ету аясында Көрісу күні ресми шаралардың қатарына қосылып, бүгінде бүкіл қазақ білетін айтулы күнге айналып отыр.

Бір күннің аясымен шектеліп қалмай, жыл бойы жалғаса беретін Көрісу салты негізінен Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында және Ақтөбенің кейбір аудандарында, Ресейдің көршілес Астрахан, Саратов, Орынбор өңірлерінде, Қарақалпақстанда аталып өтеді. Ал Маңғыстау өңірінің жұрты оны Амал мерекесі деп те атайды.

Ежелден келе жатқан ата салтымыз бойынша жастар осы күні үлкендерге сәлем беріп, батасын алады. Жұрт бір-біріне ақ тілегін арнайды.