Журналистерге шабуыл: сот Клебановты мәжбүрлеп емдеуге жіберді

Ғалиасқар Думан

Сот журналистерді шабуыл жасады деп айыпталған Аркадий Клебановқа қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы істі қарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Алматы ПД

Не үшін айыпталды

Іс материалдарына сәйкес, Клебанов журналистердің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасағаны, жеке өмірі мен дербес деректеріне қол сұғылмаушылықты бұзғаны, кәмелетке толмағандарды қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға тартқаны, ақпараттық жүйенің жұмысын бұзғаны және жәбірленушілердің өтініштері бойынша бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені үшін ұсталды.

Қылмыстық істі тергеу барысында іске алты адамның қатысы бары анықталды.

Клебановқа қатысты екі сот-психиатриялық сараптама жүргізілді – 24 сәуірде және 6 маусымда. Сарапшылардың пікірінше, оның созылмалы психикалық бұзылулары бар.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қорытындысы бойынша Клебановқа қатысты материалдар мәселені қарау және медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшін сотқа жіберілді.

Сот шешімі

Сараптамалардың қорытындылары негізінде сот Клебанов "әлеуметтік қауіпті әрекеттерді жасау кезінде есі дұрыс емес күйде болды: өз іс-әрекеттерінің нақты сипаты мен әлеуметтік қауіптілігін түсіне алмады және оларды созылмалы психикалық аурудың салдарынан басқара алмады" деген қорытындыға келді.

Сотталушы есі дұрыс емес деп танылып, психиатриялық стационарға мәжбүрлеп емдеуге жіберілді.

Жәбірленушілердің азаматтық талаптары ішінара қанағаттандырылды. Материалдық залал мен моральдық зиянды өтеу есебінен Клебановтың заңды өкілінен 14 млн теңгеден астам қаражат өндірілді.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, Алматыда 14 қыркүйекте журналистерге шабуыл ісі бойынша сот процесі басталды. Зардап шеккендердің қатарында Ulysmedia.kz жаңалықтар басылымының бас редакторы Самал Ибраева, журналист және "Гиперборей" YouTube-арнасының авторы Вадим Борейко, сондай-ақ журналистер мен қоғам белсенділері Гүлнар Бажкенова, Гүлжан Ерғалиева, Динара Егеубаева және Роман Егоров бар.

20 қыркүйекте Алматының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты іс бойынша отырыстарды жабық форматта өткізу туралы шешім қабылдады.

Журналистерге шабуыл

10 және 13 қаңтар күндері белгісіз біреулер Elmedia.kz сайты редакциясы кеңсесінің терезелерін сындырып кеткен болатын. Бұл алты айдағы редакцияға жасалған алтыншы шабуыл ретінде тіркелді. Редакция жетекшісі Гүлжан Ерғалиева Ішкі істер министрінен жағдайды бақылауға алуды талап етті. Президент Тоқаев оқиғаға жауап беріп, шабуылдарды мұқият тексеруді тапсырды.

13 қаңтарда белгісіз біреулер белгілі блогер Динара Егеубаеваның көлігін өртеп жіберген. Жыл басында ол «Алтыншы Қаңтар» блогын құру туралы хабарлап, бір мандатты округтер бойынша Мәжілістің мерзімінен бұрын сайлауына қатысуға дайын екенін жеткізген.

Алматы полициясы өрт қойды деген күдікпен кәмелетке толмаған бес жасөспірімді ұстады. Олар сондай-ақ El Media-ға шабуыл жасады деген күдікке ілінді. Тәртіп сақшылары жеткіншектердің интернет арқылы «тапсырыс» алғанын хабарлады.

Өткен жылдың қазан айында Orda.kz ақпараттық порталының редакциясына бас редактор Гүлнәр Бәжкенованың суреті мен шошқаның басы салынған пакет барған. Онда әдейі жыртылған фото жануардың аузына салынған. Бажкенованың өзі бұған Назарбаевтар отбасы мен тұңғыш президент туралы жарияланымдары себеп болғанын мәлімдеді.

18 қаңтарда шабуылдаушылар Ulysmedia.kz сайтын бұзып, бас редактор Самал Ибраева мен оның отбасының жеке деректерін жариялады. Сайт басшысы полицияға арыз жазып, қылмыстық іс қозғалды.

19 қаңтарда журналист, "Гиперборей" YouTube арнасының авторы Вадим Борейко пәтерінің есігін әлдебіреулер құрылыс көбігімен жауып тастағаны жайында хабар тарады. Журналистің айтуынша, олар есікті жауып, кейін оны өртеп жібермек болған.

Сондай-ақ, жуырда ғана Ulysmedia.kz кеңсесіне біреулер мал еті мен бас редактордың балаларының суреті салынған қорап жіберген. Самал Ибраева бұл әрекетті редакцияны қорқыту деп бағалайды. Құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

 20 ақпанға қараған түні әлдекім журналист Вадим Борейконың операторының екі көлігін өртеп кеткен.

Сонымен қатар 22 ақпанда журналист Данияр Молдабеков өзіне шабуыл жасалғанын мәлімдеді.

28 қаңтарда журналистерге жасалған шабуылдардың үйлестірушісі ұсталғаны хабарланды.

4 наурызда ІІМ шабуылдардың басты ұйымдастырушысын атады.

ІІМ дерегінше, БАҚ өкілдеріне шабуыл жасау деректері бойынша барлығы 30-дан астам іс қозғалып, 22 адам күдікті деп танылған. Жеті адам қамауда отырғаны хабарланды.