Үкімет тұрғындарға отынның жеткізілуіне ұдайы мониторинг жасауды тапсырды

Аян Өрібай

Премьер-министр Асқар Мамин жылыту маусымына дайындық үкіметтің бақылауында тұрғанын мәлім етті, деп хабарлайды ulysmedia.kz тілшісі.

жылыту маусымы

«Жалпы өңірлер әкімдіктерімен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім беру, әлеуметтік сала нысандары мен жылу-энергия көздерін жылыту маусымына дайындау бойынша жұмыс жүргізілді. Өңірлерде жылыту маусымы жоспар бойынша  басталады. Әкімдіктер инженерлік желілерде, білім беру, денсаулық сақтау объектілері мен үйлерде жоспарланған жөндеу жұмыстарының бәрін белгіленген мерзімде аяқтасын», - деді Асқар Мамин Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Оның айтуынша, энергия өндіретін және энергия беретін ұйымдармен бірге аса қысқа мерзімде жылыту маусымын өткізуге әзірлік паспорттары уақтылы алынуы керек. Ал өңірлердің әкімдіктері автономды жылу көздерінің бәрін отынның нормативтік қорымен қамтамасыз етуі тиіс.

«Көмір тапшылығына жол бермеу үшін өңірлерде көмір жеткізушілермен белсенді өзара іс-қимыл жасасын. Коммуналдық-тұрмыстық қажеттілік үшін әрі тұрғындарға отынның жеткізілуіне ұдайы мониторинг жасалып тұруы керек. Өңірлерде кәсіпорындардың жеткізілген газ бен көмір үшін және тұтынушылардың коммуналдық қызметтер үшін дебиторлық берешегін жабу жұмысын күшейту керек», - деді ол.