Қазақстандық ірі кәсіпорындар несие алуға ниетті емес

Ulysmedia

2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша банк секторының активтері 48,4 трлн теңгені құрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстанда 21 екінші деңгейлі банк жұмыс істейтінін хабарлады.

«2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша банк секторының активтері ағымдағы жылдың қазан айында 1,0%-ға немесе 492,1 млрд теңгеге ұлғайып, 48,4 трлн теңгені құрады. Негізінен өтімді активтердің 2,2%-ға өсуі есебінен тіркеліп отыр.

Өтімділігі жоғары активтер 14,6 трлн теңгені немесе активтердің 30,1%-ын құрады. Бұл банктерге клиенттер алдындағы міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.

Екінші деңгейлі банктердің экономикаға берген несиелері 2023 жылдың басынан бері 15,3%-ға – 26,3 трлн теңгеге дейін өскен.

«Заңды тұлғаларға берілген несиелер 2023 жылғы қазанда 0,9%-ға – 9,0 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 3,5%-ға өсті).

2023 жылғы қазанда кәсіпкерлік субъектілеріне берілген несиелердің жалпы көлемі 1,3%-ға – 10,4 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 7,9%-ға өсті). Бұл ретте, бизнес несиелерінің өсуіне шағын және орта бизнес өкілдерінің несиелері негізгі үлес қосып отыр», - деп хабарлады ведомстводан.

ШОБ несиелері 1,4%-ға – 6,8 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 13,3%-ға өсті).

Қазан айында ірі бизнеске берілген несиелер 1,0%-ға – 3,6 трлн теңгеге дейін артқан. Дегенмен, жалпы алғанда 2023 жылдың басынан бері 1,0%-ға төмендеу байқалды.

Бұл қарыз қаражатының, әсіресе ұзақ мерзімді қаражаттың жоғары құнымен, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауды 2023 жылғы маусымнан қазанға дейін тоқтатумен байланысты.

Жеке тұлғаларға берілген несиелер тұтынушылық несиелер есебінен ұлғайып, 17,3 трлн теңгені құраған.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы еліміздің банк секторының 2023 жылдың тоғыз айына шолуын ұсынған болатын.

Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне несие беру көлемінің ұлғаюы (бизнеске берілген барлық несиенің 45%) есебінен бизнес-несие портфелінің өсуі (5,2%-дан 6,6%-ға дейін) қарқын алғаны хабарланды. Бұған экономикадағы инвестициялық белсенділіктің жалпы өсуі де ықпал етті.

«ЕДБ қызметінің көрсеткіштерінің оң үрдісі рейтингтік агенттіктердің іс-әрекетінде де көрініс тапты: жыл басынан бері олар ЕДБ рейтингтерін 9 есеге өсірді; екінші деңгейдегі 6 банктің болжамдары қайта қаралды және жетілдірілді; банк секторының (S&P) елдік және салалық тәуекелдерін бағалауды жақсартты», - деп хабарланды.

Экономикалық өсудің жеделдетілуі (4,7%-ға дейін) қарыз ресурстарына тұтынушылық және инвестициялық сұранысты қолдады. Салыстырмалы түрде қатаң қаржылық жағдайларға қарамастан жоғары болып қалды.