“Мың жылдық ойын”: Болат Атабаев жайлы деректі фильм түсірілді

Ulysmedia

Ертең журналист Қанат Тілеуханның марқұм Болат Атабаев туралы түсірген деректі фильмі көрерменге жол тартады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

“Көрнекті режиссер Болат Атабаев жайлы көктемде қолға алынған деректі фильміміз бітті”, – деп сүйіншіледі жоба авторы өзінің Фейсбук парақшасында.

“2021 жылы Болат Атабаевтың 70 жылдығы еді. Соған орай түсірсе деген әуелде ой болған. Бірақ оның реті биыл келді.

Болат ағамен алғаш телевидениенің жаңалықтар қызметінде жүрген кезде танысып едім. «Қазақ журналистері сиыр сияқты шорылдатып сигендей ғып жазуды қашан қоясыңдар. Проблеманы бірден нақты жазбайсыңдар ма» дейтін. «Мың жылдық ойынды» бітіріп алып, бірнеше рет қарап шықтық. Болат аға өзі көрсе, не болар едік деп ойлап кеттім де шошып кеттім” – дейді Қанат Тілеухан.

Фильмді көрем деушілерге кіру тегін.

- “Мың жылдық ойынға” қатысты бір сұрақ жиі қойылып жатыр. Ол билет сатыла ма деген. Сатылмайды. Есігіміз деректі фильмге қызығушылығы бар көрерменге ашық. Жүзге жуық орын бар. Егер риза болып жатсаңыздар QR арқылы фильмге қолдау жасап кетсеңіздер болады.

БАҚ ғы әріптестерге де есік ашық. Келсек, жазсақ, түсірсек деп жатқандар да бар. Мархабат! Өзім де талай жыл жаңалықтарда еңбек еттім. Дұрысы жұмыс істеуге емес, кино көруге келген жақсы”, – деді жоба авторы.

Премьераның уақыты: 21 желтоқсан, сағат 18:30-да. Мекен жайы: Алматы қаласы, Бәрібаев көшесі 36, Трансформ өнер кеңістігі.

“Болат Манашұлы Атабаев 1952 жылы 14 мамырда Талдықорған облысының Тентек ауылында туған. Атабаев туралы айту, жазу БАҚ-та тыйым салынған тақырыптардың бірі болды. Марқұм өмірден озғанда “Азаттық радиосы” режиссер жайлы толымды мақала жариялады. Төменде үзіндісін бөлісуді жөн көрдік.

Ол театр мен өмірді ұштастырған, Қазақстанның саяси өміріне белсене араласқан сирек режиссер ретінде есте қалды. Ол Батыста жүріп, Қазақстандағы авторитар билікке қарсы кез келген күшті қолдады. Баспасөзге айтқан сөзінде "Қазақстандағы саяси жүйенің ауысуы үшін шайтанмен де ауыз жаласуға бармын" деген еді.

Болат Атабаев 2000 жылдардан бастап Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты. Қазақстандағы адам құқығы, саяси еркіндік жайлы пікірлері жұртшылықты елеңдетті. Сөз бостандығын қорғауға арналған митингілерде:

– Адамның ақпарат алуға құқығы – үкімет емес, табиғат сыйлаған еркіндік. Үкімет ол еркіндікке ешкімнің қол сұқпауын, қорғалуын қамтамасыз етуі тиіс. Менің арманым – Қазақстанда осындай митингтер өткізу қажеті тумайтын күн орнаса деймін, – деп сөйледі.

Болат Атабаев саяси ұстанымын 2011 жылы желтоқсандағы Жаңаөзен оқиғасы қарсаңында айрықша көрсетті. Еңбек құқығының қорғалуын талап етіп ереуілге шыққан мұнайшыларды қолдады. Ереушілерге оқ атылған Жаңаөзен оқиғасынан кейін Болат Атабаевқа "әлеуметтік араздық қоздырды" деген айып тағылып, қамауға алынды.

Жаңаөзен оқиғасы бойынша тергеуге өз еркімен барудан бас тартып, сотты фарсқа айналдыратынын мәлімдеді. Оны тергеуге мәжбүрлеп апарып, қамауға алды.

– Тергеу кезінде маған сурет салғызды. Үйдің, ағаштың, белгісіз бір аңның суретін салуымды өтінді. Белгісіз бір аңның суретін салып беріп едім: "Бұл не?" деп сұрады. "КНБзавр" дедім, – деп еске алды кейін (КНБ - Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің орысша қысқаша атауы).

Тұтқындағы Болат Атабаевты Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы "пікір айту құқығын пайдаланып, сөз сөйлеген ар-ождан тұтқыны" деп мәлімдеді.

Режиссер Атабаевтың қамауға алынғаны қоғамда резонанс туғызды. Мәдениет саласы қайраткерлерінің кейбірі "саяси көзқарасы үшін қамауға болмайды" десе, кейбірі "Болаттың асырып айтып, артық кететін тұстары бар" деумен шектелді.

Алайда Қазақстан билігі Атабаев ісін жабуға тырысты. Белгілі режиссер Ермек Тұрсыновтың ара түсуімен қамаудан босап шықты.

Көп ұзамай Болат Атабаев Қазақстандағы саяси жағдайды айту үшін Германияға барып, ол елдің парламенті - Бундестаг депутаттарымен кездесті. Қазақстанға оралса, қайта қамалу мүмкіндігінен қауіптеніп, сонда тұрақтады. Кельндегі неміс театрында жұмыс істеп, унвиерситетте лекция оқыды. Германияда жүріп те саяси белсенділігін тоқтатпай, Қазақстандағы саяси жағдайларға байланысы сыни ой-пікірін әлеуметтік желі арқылы жеткізді.

2021 жылы көктемде Болат Атабаев Қазақстанға қайта оралды, бірақ баспасөзбен сұқбаттасуға ықыласты болмады. Бірнеше айдан кейін белгілі журналист Қанат Тілеуханмен сұқбаты жұрт назарын айрықша аударды. Саяси белсенділігі басым көріне бастаған режиссерді суреткер ретінде ұмыта бастаған тыңдаушылар өтінішімен Қанат Тілеухан тағы да бір рет сұқбат алды”.