Министр төбелесіп қалған Охотзоопром жұмысшыларын ауыл жігіттерімен "татуластырмақ"

Аян Өрібай

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Ұлытау облысында ауыл жігіттері мен Охотзоопром мекемесінің қызметкерлері арасындағы төбелес жөнінде сұраққа жауап берді. Бұл оқиға бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде талқыланған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Скриншот

“Жанжалды бастаған – ауылдың жастары”

– Істің мән-жайын анықтайтын тиісті орган бар. Ол облыстағы полиция департаменті. Мен айтар едім – бұл жерде әрине, наразылық білдіруге болады. Бірақ басқаша. Бір топ жас жігіт арақ ішкен, оқиға болған. Бүгінгі күні біз министрлік тарапынан өкілдерімізді жіберіп, аудан әкімдігі, басқа да органдардың өкілдерімен бірге халықпен кездесу өткіздік. Әрине, ол жерде тұрған мәселе – балалардың тағдыры. Бұл мәселе жөнінде сондағы тиісті органдармен байланыстамыз. Заңға сәйкес, бірақ біздің жігіттерге (Охотзоопром қызметкерлеріне) келісімге келіңдер деп айттық. Сол себептен істің аяғы жақсы болады деп ойлаймын. Балаларға бірақ бұл сабақ болсын, – дейді Ерлан Нысанбаев үкіметтің баспасөз орталығында.

 “Охотзопром қызметкерлері сол оқиғада заң аясында әрекет етті ме?” деген сұраққа Нысанбаев “иә, солай айта алам” деп жауап берді. Мекеме басшысын жұмыстан кетіру керек пікірмен келіспейді.

– Айта береді ғой. Видеоны қарасаңыз, біздің инспекторлар тарапынан ешқандай артық әрекет жасламаған. Қаруға жабысқаннан кейін олар әрине қаруды бермеуге әрекет жасаған. Жанжалды бастаған – ауылдың жастары, – дейді ол.

Оқиға қалай болған?

Әлеуметтік желіде осыдан бес күн бұрын Ұлытау ауданында болған оқиға қызу талқыланып жатыр. Ресми мекеме мен ауыл жігіттерінің қақын қорғағандар оқиғаға екі түрлі баға берген. Видеода бір жігіт түнде телефонының бейнекамерасын алып шығып, киік тушалары үйілген көп көліктің жанына барады. Өзі тікелей эфирге шыққанын айтқан жігіт Охотзопром қызметкерлерімен төбелесіп қала жаздайды. Онымен келген тағы бір жігіттің расында да төбелесіп жатқанын байқауға болады. Видеода былапыт сөздер айтылады. 

Ұлытау облысының полиция департаментінің ресми сайтында Жаңаарқа ауданының аумағында криминалдық полиция Қызылжар кентінің төрт тұрғынын ұстағанын хабарлайды. Күдіктілер «Охотзоопром» мекемесінің қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, оларға қарсылық танытып, күшін қолданып, оқиға орынынан қашып кеткен деп жазады полиция. 

«Қызметшілерге қатысты күш қолданды деген күдіктілердің төртеуі де ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Олар жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторға, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мамандандырылған ұйымның инспекторына, қорықшыға қатысты күш қолдану қаупі үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі ең жоғары жазамен қылмыстық жауапкершілік көзделген, — деп атап өтті Ұлытау облысы ПД бастығының орынбасары Сафуан Жампейсов.

Агросарапшы Алмасбек Садырбаев ауыл жігіттері жазықсыз қамалды деп есептейді. Оның сөзінше, ауылдың жігіттері киіктердің қырылуына тосқауыл қоймақ болған.

Киікті қашаннан бері ата бастады?

Еске сала кетейік, былтыр қыркүйекте ақбөкендер Қазақстанда реттеуге жататын жануарлар тізіміне енгізілді. Экология және табиғи ресурстар министрлігі тиісті бұйрыққа былтыр қыркүйекте қол қойған еді.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бұйрығына сәйкес, ақбөкендерден басқа, саны реттелетін жануарлар тізіміне қасқырлар, шибөрілер, қарғалар, үлкен корморанттар, жыланбас балықтар енді. Тізімдегі жануарлардың саны халықтың денсаулығын сақтау, ауыл шаруашылығы және басқа үй жануарларының ауруларынан қорғау, қоршаған ортаға зиян келтірмеу мақсатында реттелмек.

Бұйрық 2023 жылдың 6 қазанынан бастап қолданысқа енген.