Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі болған сайын жаңа жайттармен толығып, істе жаңа адамдардың аты аталып жатыр. Соның бірі – қоғам өкілі Бауыржан Мусин. Ол өзінің есімін сотта атап, "Бишімбаевпен бірге маған келді" деген Байжановқа арыз жазбақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қоғам өкілі Бауыржан Мусин Байжановтың сотта жасаған мәлімдемесіне түсініктеме берді.
– Сотта Бишімбаев ісі бойынша сотталушы Байжанов менің фамилиямды атап, "оған елорданың тергеу изоляторында қысым көрсеткенімді" естідім.
Мен мұндай еш нәрсе ешқашан болмағанын ресми түрде мәлімдеймін. Оған ешқашан қысым жасаған да, барған да емеспін! Тіпті ұйықтар алдында да! – деді ол.
Мусин тағы не дейді
– Астана қаласының тергеу изоляторында бейнебақылау камералары мен қызметкерлер бар. Олар ешқашан менің оған қысым көрсеткенімді, қорқытқанымды немесе біреуді қорлағаным жайлы шағым түсірген емес! Бүгін мен оған жала жапқаны үшін сотқа арыз түсіремін, - деп қорытындылады Мусин.
Мусин деген кім? Оның қатысы қанша?
Түске дейінгі сотта сотталушы Бақытжан Байжанов өзіне Бауыржан Мусин атты адам төрт рет келгенін айтқан еді.
– Мусин маған төрт рет келді. Жататын кез болған. Мені камерадан алып шықты, мен барсам, жанында Бишімбаев тұр екен. Демек, ол мені кездестірмек болған. Мен бірден кері бұрылып, кетіп қалдым. Әкімшілікке мені енді бұлай әкелмесін деп айттым. Себебі мен де, адвокаттарым да олай сұрамаған едік. Сонда да ол маған екі-үш рет келіп, әрдайым Салтанаттың отбасына мені қарсы қоймақ болды, – дейді Байжанов сот отырысында.
Байжанов Мусиннің қоғамға белгілі адам екенінен хабарсыз екенін айтты.
Бишімбаевтың ісі
Еске сала кетейік, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау 11 наурызда басталды. Прокурор экс-министр ісінің мән-жайын айтып берді.
Ал Бишімбаев тағылған айыпты мойындамай, ашық сот өткізуді сұрайды. Оған "қинау" (110-баптың 2-бөлігі) және "аса қатігездікпен адам өлтіру" (99-баптың 2-бөлігі) баптарымен айып тағылған. Бұған қоса, Астанадағы "Гастро-орталық" директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша "қылмысты жасырды" деген күдікпен сотқа тартылып жатыр.
12 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау жалғасты. Бұл жолы да журналистер сот залына кіре алған жоқ. БАҚ тарапының базынасын сот қызметкерлері тыңдаған болғанымен, ешбір журналист сот залына кіре алмаған. Тіпті тілшілер полиция шақырып, сот әкімшілігі ақпарат алу құқығынан айырып отырғаны жөнінде арыз жазуына тура келген.
4 сәуір күнгі сотта Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Лейла Рамазанова бүгінгі сотқа Салтанат Нүкенованың денесіне жасалған сараптаманы жарамсыз деп тану қолайсыз деп тану жөнінде өтініш білдірген. Судья бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан. Ал Бишімбаевтың өзі тергеу изоляторында өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын мәлімдеді.
Прокурор Айжан Аймағанова Қуандық Бишімбаевтан ұрып-соққан жұбайына жедел жәрдем шақырудың орнына неге көріпкелге қоңырау шалғанын сұраған. Бишімбаев “бұл менің үлкен қателігім болды” деп жауап берді. 9 сәуірдегі отырыста сотта Бишімбаевтың ұсталған сәтінен видео көрсетілді. Видео оқиға орнына барған полиция қызметкерінің видеожетонына түсірілген.
10 сәуірде өткен сотта судья Айжан Көлбаева БАҚ пен әлеуметтік желіге 9 сәуірде алқа билердің суреті тарап кеткенін мәлімдеді. Ол бұлай болмайтыны БАҚ өкілдеріне ескертілгенін, сол үшін тиісті тексеру жұмыстары жүргізілетінін хабарлады. Тексеру жұмысының қорытындысы шыққанша сот залына журналистерді кіргізбеу жөнінде шешім қабылдады.
Алдын ала тыңдаудан кейінгі соттарға журналистер кіруге мүмкіндік алды. Сот барысы Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының ресми сайтынан тікелей эфирден көрсетіледі.