Бүгінгі сотта Салтанат Нүкенованың құрбысы Аида Ахмединадан тағы да жауап беріп жатыр. Ол Салтанатпен әлеуметтік желі арқылы жазысқан хатын оқыды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“Ол маған ұйқы бермейді”
Құрбысы Салтанатпен түнде жазысқан хатын оқыды. Салтанат оған былай деген:
Мен енді не істерімді білмей қалдым. Егер қазір кетіп қалсам, ол «айуан, мен ол үшін бәрін істедім, ал ол рахметсіз кетіп қалды, мені таптап кетті» дегендей әңгімелерді айтады. Ол кейде жақсы сияқты көрінгісі келеді.
Басым ауырып кетті. Енді онымен тұра алмаймын. Мен жалғыз болғым келеді. Бұл адамдар ешқашан емделмейді. Олар психологтарға барып, «өздері керемет, қалғанының бәрі ақымақ» деу үшін барады. Назар мен кісінің мақұлдауын солай алады. Ал екінші рет кеткенім – бітті, соңы! Қайтуға болмайды. Ол мен кешіргенше бәрін жасайды. Кейін мазақ қылып, кек алады.
Бірақ ол психотерапиядан өтті. Біз Алматыға барып келдік. Екі айда өзінің психологына 10 мың доллар берді. Психолог Тайландтан ұшып келді. Мәскеуліктер. Бірақ түк пайда жоқ. Олар өзгермейді. Менің кеткім келген, бірақ ол қалуым үшін бәрін жасай бастады. Ол маған ұйқы бермейді, өзі де түнімен ұйықтамайды. Мен де түнімен ұйықтамаймын.
Оның ойы ылғи сандырақ. Менімен сөйлеседі, бірдеңе сұрайды. Тыңдамасам жынданып, айғайлайды. Мен екі тәулік бойы ұйықтамағанымды түсіндіргім келеді. Ол «демек, маған немкетті қарайсың» дейді. Шынымды айтсам, мен оны аяймын. Ол жараланған адам, ауру. Мен оған көмектескім келген, бірақ мен өз-өзімді құртып тынатын шығармын.
Бишімбаевтың ісі
Еске сала кетейік, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау 11 наурызда басталды. Прокурор экс-министр ісінің мән-жайын айтып берді.
Ал Бишімбаев тағылған айыпты мойындамай, ашық сот өткізуді сұрайды. Оған "қинау" (110-баптың 2-бөлігі) және "аса қатігездікпен адам өлтіру" (99-баптың 2-бөлігі) баптарымен айып тағылған. Бұған қоса, Астанадағы "Гастро-орталық" директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша "қылмысты жасырды" деген күдікпен сотқа тартылып жатыр.
12 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау жалғасты. Бұл жолы да журналистер сот залына кіре алған жоқ. БАҚ тарапының базынасын сот қызметкерлері тыңдаған болғанымен, ешбір журналист сот залына кіре алмаған. Тіпті тілшілер полиция шақырып, сот әкімшілігі ақпарат алу құқығынан айырып отырғаны жөнінде арыз жазуына тура келген.
4 сәуір күнгі сотта Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Лейла Рамазанова бүгінгі сотқа Салтанат Нүкенованың денесіне жасалған сараптаманы жарамсыз деп тану қолайсыз деп тану жөнінде өтініш білдірген. Судья бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан. Ал Бишімбаевтың өзі тергеу изоляторында өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын мәлімдеді.
Прокурор Айжан Аймағанова Қуандық Бишімбаевтан ұрып-соққан жұбайына жедел жәрдем шақырудың орнына неге көріпкелге қоңырау шалғанын сұраған. Бишімбаев “бұл менің үлкен қателігім болды” деп жауап берді. 9 сәуірдегі отырыста сотта Бишімбаевтың ұсталған сәтінен видео көрсетілді. Видео оқиға орнына барған полиция қызметкерінің видеожетонына түсірілген.
10 сәуірде өткен сотта судья Айжан Көлбаева БАҚ пен әлеуметтік желіге 9 сәуірде алқа билердің суреті тарап кеткенін мәлімдеді. Ол бұлай болмайтыны БАҚ өкілдеріне ескертілгенін, сол үшін тиісті тексеру жұмыстары жүргізілетінін хабарлады. Тексеру жұмысының қорытындысы шыққанша сот залына журналистерді кіргізбеу жөнінде шешім қабылдады.
Алдын ала тыңдаудан кейінгі соттарға журналистер кіруге мүмкіндік алды. Сот барысы Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының ресми сайтынан тікелей эфирден көрсетіледі.