Адвокат Вранчев: бұлар «Ескі Қазақстанның» ешқандай элитасы емес – паразиттері

Аян Өрібай

Әйелін аса қатігездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаев пен қылмыс ізін жасырды деп сотқа тартылған Бақытжан Байжановтың ісі бойынша бүгін жарыссөз аяқталды. Енді тараптар сотта соңғы рет сөйлеп жатыр,  деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

“Мен олардан қорықпауға шақырдым”

Сотта сөйлеген сөзінде жәбірленуші тараптың адвокаты Игорь Вранчев сотталушы Қуандық Бишімбаевтың анасы Әлмира Нұрлыбекованың  "Ескі Қазақстанның" бүкіл күнәсін ұлына артпауды өтінген сөзін есіне алды.

– Кеше Бишімбаевтың анасы менің «Ескі Қазақстан» туралы сөзімді есіне алды. Алқа билерді «Ескі Қазақстанның элитасы» үшін «Қуандықты құрбандыққа шалуға» шақырып отыр екенмін. Бірақ бұлар элитасы емес – Ескі Қазақстанның паразиттері! – деп кесіп айтты Вранчев.

Осы кезде судья Вранчевтен іс бойынша сөйлеуді талап етті.

– Құрбандыққа шалу емес, мен сіздерді олардың бәрінен қорықпауға шақырдым. Жасап жатқан істері үшін жазалауға шақырдым, – деп сөзін жалғастырды сөзін адвокат.

Осы кезде судья Айжан Құлбаева адвокатқа екінші қайтара ескерту жасады. Сотта Бишімбаев пен Байжановтың ісі қаралып жатқанын есіне салды.

– Бишімбаев жасаған қылмысы үшін жауап беруі керек. Ал ол кісі өлтірді. Аса қатігездікпен өлтірді. Бітті! Басқа бағытқа мұны аударудың қажеті жоқ, – деді Вранчев.

Бишімбаевтың ісі

Еске сала кетейік, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау 11 наурызда басталды.  Прокурор экс-министр ісінің мән-жайын айтып берді.

Ал Бишімбаев тағылған айыпты мойындамай, ашық сот өткізуді сұрайды. Оған "қинау" (110-баптың 2-бөлігі) және "аса қатігездікпен адам өлтіру" (99-баптың 2-бөлігі) баптарымен айып тағылған. Бұған қоса, Астанадағы "Гастро-орталық" директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша "қылмысты жасырды" деген күдікпен сотқа тартылып жатыр.

12 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау жалғасты. Бұл жолы да журналистер сот залына кіре алған жоқ. БАҚ тарапының базынасын сот қызметкерлері тыңдаған болғанымен, ешбір журналист сот залына кіре алмаған. Тіпті тілшілер полиция шақырып, сот әкімшілігі ақпарат алу құқығынан айырып отырғаны жөнінде арыз жазуына тура келген.

4 сәуір күнгі сотта Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Лейла Рамазанова бүгінгі сотқа Салтанат Нүкенованың денесіне жасалған сараптаманы жарамсыз деп тану қолайсыз деп тану жөнінде өтініш білдірген. Судья бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан.  Ал Бишімбаевтың өзі тергеу изоляторында өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын мәлімдеді. 

Прокурор Айжан Аймағанова Қуандық Бишімбаевтан ұрып-соққан жұбайына жедел жәрдем шақырудың орнына неге көріпкелге қоңырау шалғанын сұраған. Бишімбаев “бұл менің үлкен қателігім болды” деп жауап берді.

Алдын ала тыңдаудан кейінгі соттарға журналистер кіруге мүмкіндік алды. Сот барысы Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының ресми сайтынан тікелей эфирден көрсетіледі.