Он жастағы қызынан айырылған ата-ана дәрігерлерді кінәлап отыр

Ulysmedia

Қайғыға салынған ата-ана 10 жастағы қызының өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр. Олар дәрігерлерге қайтыс болған баланың кейбір дәрі-дәрмектерге аллергиясы бар екенін ескерткенінін, бірақ дәрігерлер тыңдамағанын айтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: otyrar.kz

Оқиға туралы otyrar.kz басылымы жазды.

“Шамамен бір сағаттан кейін қызымда ұстама болды, тырысу басталды. “Көмектесіңіздер, оның температурасы жоғары деп айқайладым, бірақ Айман дәрігер хабарламаға жауап бермеді. Реанимациядағы дәрігерлер өз әріптестерінен Преднизолон бердіңіздер ме деп сұрады, олар жоқ деді. Сіздер аллергосепт бердіңіздер ме деді, олар жоқ деді. Содан кейін реаниматологтар “Сіздерде не жабдық, не дәрі жоқ” деді де, қызымды сағат 20:00-де реанимацияға алып кетті. Қызым 10-11 жасқа дейін мүлдем ауырған емес”, — дейді қайтыс болған Жібек Есқараның анасы Райхан Жорақұлова. 

Оның сөзінше, Жетісай ауданының орталық ауруханасында тегін берілуі тиіс дәрі-дәрмектер табылмаған. Сондықтан жақын маңдағы дәріханалардан қажетті препараттарды іздеуге тура келді, дейді марқұмның әкесі.

“Қазір олар әртүрлі сөйлеп жатыр. Алдымен бәрі жақсы деді, содан кейін ол ісініп жатыр, қатты ауырып жатыр деді. Шынымды айтсам, қатты таңғалдым”, – деді қыздың әкесі Ғабит Аралбаев. 

Аурухана басшылығы қазір медициналық мекемеде қызметтік тексеріс жүргізіліп жатқанын айтады. Комиссия құрамына мамандары кірген және бөгде адамдар тергеуге қатыспайды. Аурухананың бас дәрігерінің айтуынша, тексерудің әділдігіне күмән болса, құзырлы органдарға шағым беруге болады. Нақты диагноз әлі анықталып жатыр.

“Науқас ауыр ЖРВИ, вирустық менингит, энцефалит, инфекциялық-токсикалық шок, 3-дәрежелі кома болды. Түскеннен кейін сол күні жағдайы нашарлады. Преднизолон және аллергосепт - анафилактикалық шок үшін қолданылатын препараттар. Олар қарапайым бөлімдерде болмайды. Жұмыс жүріп жатқандықтан, барлығы 100 пайыз тамаша деп айта алмаймын. Кемшіліктер бар, бірақ біз бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз”, – деді Жетісай аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Жолдасбеков, :

Тексеру нәтижесі жақын арада жарияланып, полицияға тапсырылмақ. Жібектің отбасы дәрігерлердің кінәсі дәлелденсе, ең ауыр жазаға қол жеткізуді көздеп отыр.