Мектептегі трагедиялар: Тоқаев Бейсембаевқа оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жүктеді

Сырым Қаржас

Қасым-Жомарт Тоқаев Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевты қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Толығырақ

Ғани Бейсембаев еліміздегі мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру салаларын дамыту мақсатында қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімет берді. Оның сөзінше:

  • былтыр 137 мың оқушыға арналған 154 жаңа мектеп ашылған. Бұл 29 үшауысымды, 12 апатты мектептің мәселесін шешкен;
  • жаңа оқу жылында 365 мың оқушыға есептелген 221 білім ошағын пайдалануға беру жоспарланып отыр;
  • мектептерді пәндік кабинеттермен жабдықтау көрсеткіші 2 есе артып, интернеттің сапасы жақсарған;
  • тәрбие жұмыстары басым бағыттардың бірі болып қала береді. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» жалпыұлттық құндылықтарына негізделген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы қолға алынған;

Орта білім сапасын арттыру жайлы министр мектеп оқулықтары толықтай цифрлық форматқа көшірілгенін, Қазақстан атынан халықаралық олимпиадаларға қатысқан әрбір екінші оқушы жүлделі орындарға ие болып жүргенін атап өтті. Былтыр ел оқушылары 58 алтын медаль жеңіп алған. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялау, инклюзивті және арнайы оқытуды дамыту жөніндегі жобаларды таныстырды.

Мемлекет басшысы Оқу-ағарту министріне саланы одан әрі жетілдіру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырма берді.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім саласында қордаланған мәселелерге байланысты отставкаға кетесіз бе деген сұраққа жауап берген еді. 

Кейінгі кездері білім саласында көбейіп кеткен оқыс оқиғаларға Маңғыстауда оқушылардың улануы қосылды. Жаппай улану себебінен еліміздің барлық мектептері тексерілетіні жазылған. Оның алдында Қопа мектебінің оқушылары арасында төбелес болып, салдарынан тоғызыншы сынып оқушысы өлгені белгілі болды. Қызылордада сексуалды құлдыққа түскен оқушы қыздың да оқиғасы бүкіл елде үлкен резонанс туғызған.