Әскери тұрғыда Ресей жеңілмейтіні анық — Тоқаев Украинадағы соғыс жайлы айтты

Аян Өрібай

Германия канцлері Олаф Шольцтің өтінішімен Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдайды реттеуге байланысты пікірін жеткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ақорда

– Әскери тұрғыда Ресейдің жеңілмейтіні анық. Соғыс бұдан әрі өрши берсе, барша адамзатқа, ең алдымен, Ресей-Украина қақтығысына тікелей қатысы бар мемлекеттерге салдары өте ауыр тиеді. Өкінішке қарай, Ыстанбұл келісімін бекітуден бас тартып, татуласуға қол жеткізетін оңтайлы мүмкіндікті уыстан шығарып алды. Дегенмен бейбітшілік орнатуға әлі де мүмкіндік бар. Түрлі мемлекеттердің барлық бейбіт бастамаларын мұқият қарап, әскери іс-қимылдарды тоқтату туралы келісімге келу керек. Содан кейін территориялық мәселелерді талқылаған жөн, – деді Тоқаев.

“ҚАЗАҚСТАН МЕН УКРАИНА АРАСЫНДА ЕШҚАНДАЙ КЕЛІСПЕУШІЛІК БОЛҒАН ЕМЕС”

Мемлекет басшысы Қытай мен Бразилияның бейбітшілік жоспары қолдауға тұрарлық деп есептейді.

- Мемлекеттер басшылары келеді, кетеді. Ал халық, әсіресе көршілес халықтар бейбіт әрі бір-бірімен түсінісіп өмір сүруі керек. Қазақстанның Ресеймен дүние жүзі бойынша құрлықтағы ең ұзын шегенделген шекарасы бар. Біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастық стратегиялық серіктестік пен одақтастық аясында дамып келеді. Қазақстандықтар украин халқы мен оның төл мәдениетіне шынайы құрметпен қарайды. Қазақстан мен Украина арасында ешқандай келіспеушілік болған емес. Киевте Елшілігіміз әлі де жұмыс істеп жатыр, – деді мемлекет басшысы.

ЕКІ ЕЛДІҢ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ

Неміс деректері бойынша, 2023 жылдың 10 айында тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,7%-дан 7,85% – 7,48 млрд еуроға дейін төмендеген. Бұл ретте Қазақстанға Германиядан импорт 32% (2,1 млрд-тан 2,77 млрд еуроға дейін), ал Германияға экспорт 18,1% (5,75 млрд-тан 4,7 млрд еуроға дейін) азайған.

ГФР сауда серіктестерінің рейтингінде 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан 53 (2021) орыннан 43 орынға көтерілді. Германияның Орталық Азия өңіріндегі негізгі серіктесі Қазақстан: 2022 жылы екіжақты сауданың жалпы көлемі ГФР-ның өңір елдерімен сыртқы сауда операцияларының жалпы көлемінің 82,5% құрады.