Белгілі ғалым Ғарифолла Әнес дүние салды

Қалижан Бектемір

Тілші-ғалым, алаштанушы, публицист Ғарифолла Әнес қайтыс болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

Қазақ ғылымы, мәдениеті орны толмас қазаға ұшырады. Алаш азаматы Ғарифолла Әнестен айрылып қалды. Бақұл бол, қайран, дос, аяулы Ғареке! - деп жазды филология ғылымдарының докторы, профессор Қыздархан Рысберген. 

ҒАРИФОЛЛА ӘНЕС

Ол 1957 жылы Атырау облысы Құрманғазы ауданы Балқұдық ауылында туған.

ҰҒА-ның А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері. Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің (Жаңалық ауылындағы) меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1992 жылдан «Репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қорының және «Арыс» баспасының құрылтайшы-президенті, болып 2013 жылдан «Қазақстан тарихи-ағарту «Әділет» қоғамының» төрағалығын қоса атқарды. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, «Ана тілі» газетінің қоғамдық негіздегі кеңесшісі болған.

Алаш арыстарының мұрасын табу, зерттеу және жариялау ісіне өз үлесін тұрақты қосты. А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов және Х. Досмұхамбетұлы еңбектерін құрастырып, алғысөз-соңғысөздерін жазып, бірнеше рет жарыққа шығарды.

«Құрмет» «Парасат» ордендерің иегері. Бірнеше мерекелік медальдармен ма­ра­патталған.

ЕҢБЕКТЕРІ

«Алаш. Алашорда» энциклопедиясын жа­рыққа шығарды (2009), 7 том «Қазақ» га­­зе­ті (1913 – 1918) мен 7 том «Айқап» журнал­дарының (1911–1915) толық корпусын жасап «Сарыарқа» (1917–1919) газетін тауып, жинастырып, ХХ ғасыр басында жарыққа шыққан көптеген журналдарды араб қарпінен қазіргі жазу үлгісіне көшіріп, ондаған том басылымдар дайындады. Заңғар жазушы Ә. Кекілбайұлының өмірі мен шы­ғар­машылығына ар­налған «Алпысыншыжылдықтар» атты үш томдық энциклопедиясын жарыққа шығарды.