Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы дала өртінің 10 мың гектар аумағы оқшауланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘЛІМДЕМЕ
ТЖМ сағат 14.30-да Павлодар облысы Баянауыл ауданы аумағындағы жалпы ауданы 10 мың га дала өрті оқшауланғанын хабарлады. Тілсіз жау 15 мың гектарға таралған.
Өртті сөндіруге Павлодар облысынан, Астана қаласынан, Абай облысынан және ҚР ТЖМ 68303 ә/б, орман шаруашылығы қызметтерінің құтқарушылар топтары және жергілікті атқарушы органдардан ерікті өрт сөндіру құралымдары қатысқан.
ЖҰМЫЛДЫРЫЛҒАН КҮШТЕР
Өртті оқшаулауға 236 адам, 42 бірлік техника, 2 әуе кемесі, 3 ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылған.
Барлығы 29 рет 64 тонна көлемінде су төгілді. Су Шалқаркөл көлі және Желтау кентіндегі ұңғымадан алынған.
Қазіргі уақытта шабынды шөптің жергілікті өрт ошақтарын жою жұмыстары жүргізілуде.
ӘКІМ КҮДІГІ
Бұған дейін Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов Баянауыл ауданындағы өртке шөп шауып жүрген шаруа қожалық иелері кінәлі болуы мүмкін екенін айтқан.
“Мұндай өрттердің негізгі себептерінің бірі – шөп шабу кезінде қолданылатын техникалардағы ұшқын сөндіргіш құрылғылардың істемеуі. Сондықтан, барлық шаруа қожалықтарынан міндетті түрде ұшқын сөндіргіш құрылғылар болуы тиіс қолданыстағы техникаларды тексеруді, сондай-ақ, өз шаруашылықтары мен үйлерінің, әсіресе, шөп қоры сақталатын орындардың айналасын уақытында жыртуды сұраймын” делінген әкім мәлімдемесінде.
НЕ ІСТЕЛІНІП ЖАТЫР
Әкімдік мәліметінше, тілсіз жаумен күреске 310 адам, 51 арнайы техника, 2 тікұшақ, 3 ұшқышсыз ұшу аппараты (ҰҰА) жұмылдырылған.
Қазіргі уақытта өрт оқшауланған, өртті жою жалғасуда. Ауданда құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.
БҰҒАН ДЕЙІН
Қарағанды облысындағы дала өртінде бір құтқарушы қаза тауып, үш құтқарушы ауруханаға түскен болатын. Осыған байланысты ТЖМ мәлімдеме жасады.
2023 жылдың маусымында Абай облысының Батпаев орман шаруашылығы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында» орман өртеніп, өрт сөндіре жұмсытары кезінде 14 ораншы қаза тапқан. Биыл мамырда өртке кінәлілер сотталған.
Семейдегі өрт орман шаруашылығы саласындағы біраз мәселенің бетін ашқан. Осы жағдайдан кейін үкімет орманшылардың жалақысын арттыруға уәде берген. Алайда айтылған сөз сол жерде қалған.