Қандай несиелер кешіріледі – Қаржы нарығын реттеу агенттігі төрағасының жауабы

Қалижан Бектемір

Редакциямыздың тілшісі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымоваға парламент мәжілісі қабырғасында еліміздегі осал топтағы азаматтардың проблемалы несиелері кешіріле ме деген сауал қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia

Агенттік төрағасы бұл мәселе қарастырылып жатқанын, банктер мен микроқаржылық ұйымдарға жаңа талаптар қойылғанын айтты.

Қазіргі таңда банктерге, микроқаржылық ұйымдарға жаңа талаптар қойдық. Олар жекелеген жоспарлар әзірлеуі керек. Проблемалы қарыз алушыларды әр қаржы ұйымы жоспар бойынша реттеуі қажет. Олардың қарызы бойыншы мерзімі бірнеше жылдан асып кетсе, жағдайы қарыз төлеуге жетпесе, жоспар аясында оларға толығымен немесе ішінара қарызын кешіру талабын қойдық. Ол талап бойынша банктер мен микроқаржы ұйымдары бізге жаңа жоспар енгізіп жатыр. Жыл басынан бері 44 мың адамға мерзімі өткен қарызын кешірді. Олар өз қаражатынан алды. Жаңа жоспар бойынша жыл соңына дейін тағы осындай жұмыс атқарылады. Болжам бойынша 1,4 млн адам жекелеген жоспарға кіреді. Алайда, көбіне ставкасын төмендету, мерзімін ұлғайту, айыппұлын кешіру жүзеге асырылады. Ал осал топтарға барлық немесе ішінара қарызын кешіруді қарастырдық, – деді ол.   

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Кредиті бар инженер екен – Аймағамбетов таксистпен не жайлы сөйлескенін айтып берді

Несие тарихын тазартуға бола ма?

Еске салсақ, күні кеше Өскеменде ер адам несиесін төлеу үшін дүкен тонаған. Сондай-ақ депутат Асхат Рақымжанов алаяқтық жолмен рәсімделген кредиттерді есептен шығаруды ұсынған болатын.

Айта кетейік, Қазақстанда халықтың банктерге жалпы қарызы 19,2 трлн теңгеге жетті.