Бүгін – Санжар Асфендияровтың туғанына 135 жыл толды

Қалижан Бектемір

Бүгін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, дарынды тарихшы-ғалым, профессор, педагог Санжар Асфендияровтың туғанына 135 жыл толды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

Санжар Жапарұлы Асфендияров 1889 жылы 20 қазанда Түркістан генерал-губернаторлығының орталығы Ташкентте дүниеге келген. 1912 жылы, 23 жасында Санкт-Петербургтегі әскери- медициналық академияны бітіреді. Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында майданда Түркістан полкінде әскери дәрігер қызметін атқарған.

ХХ ғасырдың 30-жылдарында С.Асфендиаров КСРО Ғылым Академиясының қазақстандық базасының негізін қалаған алғашқы жетекшілер мен ұйымдастырушыларының қатарында болды. Қоғамдық ғылымдар бөлімінің хатшысы болып қызмет атқарды. Ғалым әрдайым тарих ғылымының өзекті мәселелерін, мәдени ескерткіштерді, өлкені мекендеген халықтардың бай әдеби мұрасын тереңірек зерттеуге тырысты.

Санжар Асфендияровтың еңбек жолы мен атқарған қызметтерінен оның жан-жақтылығы мен асқан білімділігін байқауға болады. Дәрігер, ғалым, мемлекет қайраткері, педагог Санжар Жапарұлы ана тілінен өзге орыс, ағылшын, француз, неміс, латын және шығыс халықтарының тілдерін меңгерген.

Санжар Асфендияров республикамыздағы алғашқы оқу орындарының ашылуына көп тер төккен тұлғалардың бірі. 1928-1931 жылдар аралығында Қазақ педагогикалық институтының бірінші ректоры және тарих кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған. 1931-1933 жылдары бүгінгі күні ғалымның есімін иеленген Алматы медицина институтының ректоры болған.

Санжар Асфендиаров 1937 жылы 22 тамызда «Халық жауы» ретінде тұтқындалып, 1938 жылы 23 ақпанда ату жазасына кесіледі. 1958 жылы ғана есімі ақталып, артынан қалдырған құнды еңбектері бүгінгі күнге жетіп отыр.