Екі рет жарықсыз қалған Кубаға алапат дауыл келе жатыр

Сырым Қаржас

Электр қуатының үздіксіз сөнуі тығырыққа тіреген тұста Куба елі аралдың шығысынан өтетін күші жойқын «Оскар» дауылынан қорғануға дайындалып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

dw.com

ЖЫҒЫЛҒАНҒА ЖҰДЫРЫҚ

Куба аралды бетке алған «Оскар» дауылының келуіне қызу дайындыққа кірісті. Елде электр қуатының жаппай сөнуі жағдайды қиындатып барады. Бұл туралы Куба президенті Мигель Диас-Канель бүгін Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады.

Оның айтуынша, жергілікті билік дауылдың жақындауына байланысты халық пен экономикалық ресурстарды қорғауға қазірдің өзінде бар күш-жігерін салып отыр.

ДАУЫЛ ҚАЙДА ЖЕТТІ?

АҚШ-тың Ұлттық дауыл орталығының хабарлауынша, «Оскар» дауылы қазірдің өзінде Багам аралдарына жетіп үлгерген, Кубаға бүгін, 20 қазанда жетеді деп күтіліп отыр.

НАРАЗЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ

Reuters агенттігі Куба аралында электр қуатының қайта-қайта өшуі салдарынан наразылық шерулері басталғанын жазды. Журналистер екі жерде шағын наразылық акциялары өтіп жатқанын байқаған. Алайда ақпарат ресми расталмады.

Еске сала кетсек, кеше Атлант мұхитында «Оскар» дауылы пайда болған. Оның қазіргі жылдамдығы шамамен 130 км/сағатқа жеткен.

Сондай-ақ кеше Кубадағы ірі ЖЭС жұмысының тоқтауы салдарынан тұтас ел жарықсыз қалғанын хабарлағанбыз.