Шерзаттың әжесі мен әкесі неге келіспей қалды – марқұмның әжесінің Президентке үндеуі

Сырым Қаржас

Талғар қаласында бір топ бұзақының қолынан қаза тапқан жасөспірім Шерзат Болаттың әжесі Жұмабике Нұрымова президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап, үндеу жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Видео кадры

Шерзаттың әжесінің видеоүндеуін блогер Жан Ахмадиев желідегі парақшаларында жарияланды.

БҰЗАҚЫЛАР ӘЖЕНІ ДЕ ҚҰЛАТҚАН

Қанды оқиға болған күні балалары мен келінінің құлындаған даусын өз құлағымен естіп, көзімен көрген әже шок жағдайында не істерін білмей есеңгіреп қалғанын айтады. Ж.Нұрымованың сөзінше, балаларын тепкілеп жатқан жігіттерге қанша жалынса да олар ұрып-соғуды тоқтатпаған.

“Ол кішкентай нәресте ғой. Ол балапан ғой” деп алдарынан шыққанымда мені қолымнан сүйреп, құлатып тастады. Олар ішіп алған. Мен құлап жатырмын. Телефоным арғы жаққа ұшып кетті. Орнымнан тұрайын десем екі бордюрдің ортасында қалып қойыппын”, дейді Шерзаттың әжесі.

“ЕКІ БАЛАМДЫ ДА ӨЛДІ ДЕП ОЙЛАДЫМ...”

Есеңгіреген күйі еңбектеп барып, телефонын алайын деп жатқан кезде келінінің құлындаған даусын естіген.

“Көмектесіңдер, скорый, скорый” деп жатқанда артыма қарасам екі балам жерде құлап жатыр екен. Екеуі де өлді деген ой бірден келді. Мен сол жерде не болып кеткенін түсінбей кеттім. Не істеу керек екенін сол кезде түсіне алмадым. Себебі шок жағдайына түсіп кеттім”, дейді жүрегі қан жылаған ана.

“КУӘГЕР ” ҚЫЗДАР

Үндеуді бір жағынан отбасын қаралап, өздеріне кінә артып жатқан кей адамдарға да арнапты.

“Сіздер айтып отырған қыздарды сол жерден топырлап, солардың көлігіне мініп кеткенін өз көзіммен анық көрдім. Ал сіздер оларды куәгер қылып отырсыздар. Куәгер болған адам сол 11-12 жігіт жан айбатпен топырлап тепкілеп жатқан кезде еш болмаса әр қайсысы бір жігітті құшақтап, құтқаруға тырыспас па еді? Видеоға түсіп қалмас па еді? Соған неге қарамайсыздар? Өзімізді кінәлағысы келген Үкіметке жанайқайымызды жеткізіп тұрмын”, деген Жұмабике Нұрымова баласын бұзақы етіп көрсеткен монтаждалған видеоның қалай пайда болғанына ашулы. 

ЖОҒАЛҒАН ВИДЕО ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

“Бұл қалай болғаны? Жәбірленуші болып барасың, менің баламды пышақ ұстады деп қаралап, күйе жағып, ақиқаты көрініп тұрған нәрсеге көз жұмып, ал болмаған нәрсені болдыға шығарып, монтаждап тастаған видеоны шығарып отыр. Ол видео жоқ болып кетіп еді ғой, халқым-ау. Жоқ болып кеткен жерден ол қалай шықты? Ол видео көрсетілмей тұрып “Хутордың” адамдары ақталып, басқа адамдарды мақтап, даттап, елінің, халқының, адамдарының жақсы екенін айтып ақталып тұрған ақ сақалды шалдарды Құдай көрмейді деп ойлай ма екен?”, деген әже енді ешкімге сенуден қалып, бір Құдайдан ғана үміт күтетінін жеткізген. 

ПРЕЗИДЕНТКЕ БАҒЫТТАЛҒАН ҮНДЕУ

“Құдайдан қорықпағаннан қорық деген. Бірақ Алла Тағала мен жақта шығар. Менің шырылдаған нәрестемнің қаны ешкімді жібермейтін шығар. 

Бірінші, Тоқаев мырза, сізден осы істің дұрыс жүргізілуін қадағалауыңызды өтініп сұраймын. Қазір мен ешбір адамға сенбейтін болдым. Ақиқатты айтатын адамдар емес, заң бұзатын қанішерлер керек болғаны ма сонда?”, дейді үндеу иесі.

Сондай-ақ марқұм жасөспірімнің әжесі баласы Қаржаубай екеуі қазір келіспей жатқанын айтты.

“Мама, бәрін қояйық та кете берейікші. Сіз балаларды алып кете беріңізші” дейді маған. Қайда қашып, қайда бас сауғалаймыз? Қашсақ та олар қолы ұзын адамдар, бәрібір тауып алады ғой бізді”, дейді Жұмабике Нұрымова.

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

Еске сала кетейік, Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты.

Прокуратура Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты мәлімдеме жасап, «әділ тергеуге кепілдік береміз» деп ақпарат таратқан. Алайда тергеушілерге сенбеген марқұмның туған-туыстары көшеге шығып, әділдікті талап етті. Олар сол түні болған 13 адамның орнына 7 адамның ғана қамалғанына наразылық білдірді. 

Қаза тапқан жасөспірімнің әкесі бейнебақылау камерасының жазбасын әлдекімдер өшіріп тастағанын айтқан еді. Алайда ІІМ ол мәліметті жоққа шығарды. 9 қазанда депутат Нартай Аралбайұлы бас прокурор Берік Асыловқа, ішкі істер министрі Ержан Сәденовке және оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа депутаттық сауал жолдап, 16 жасар азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуі тиіс деп мәселе көтерді. Ал оның әріптесі Абзал Құспан қылмыстық кодекстің 201-бабын (сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) өзгерту керек деп есептейді. Бұл қажеттілік оның сөзінше, Талғардағы жасөспірімнің өлімінен кейін айқын сезілген.

Ulysmedia.kz күдіктілердің бірі таяуда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеуі керек болғанын, екінші күдікті жауапкершіліктен жалтарып кеткенін анықтаған еді. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырады. Қайғы үстіне қайғыға душар болған Нұрымов әулетінің билікке қояр екі-ақ талабы бар.

Сонымен қатар, Жақып Асанов осы іске қатысты өз есімінің аталуына байланысты түсініктеме берген.