«Талибан» ауған әйелдеріне бір-бірімен сөйлесуге тыйым салмақ

Сырым Қаржас

Ауғанстан билігіндегі "Талибан" үкіметі алдағы уақытта елдегі әйелдердің бір-бірімен сөйлесуіне тыйым салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Bild.de

Бұл туралы Германияның Bild басылымы хабарлады.

“2021 жылдың тамызында Ауғанстанда тәліптер билікті қолға алғаннан бері елдегі әйелдерге білім алуға, ер адамның еріп жүруінсіз саяхаттауға және көпшілік алдында, әсіресе ер адамдармен сөйлесуге тыйым салынған. Оларға саябақтарға баруға, суға түсуге немесе спортпен айналысуға тыйым салынады. Сұлулық салондарына да тыйым салынды. Әйелдерге арналған баспаналар жабылып, «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық туралы» заңның күші жойылды”, деп жазды неміс басылымы.

Сондай-ақ басылым ондағы әйелдерді «исламға қайшы мінез-құлық» танытқаны үшін жиі ұрып-соғып, түрмеге қамайтынын, ал онда “жазалаудың” небір сорақы түрі қолданылатынын атап өтті.

“Енді Талибанның ізгі істер министрі Халид Ханафи әйелдерге тек ерлермен ғана емес, әйелдермен де ашық сөйлесуге тыйым салды. Оның үстіне, оның мәлімдемесіне сәйкес, кәмелетке толған әйелдерге басқа кәмелетке толған әйелдердің дауыстарын естуге тыйым салынады. Сондықтан әйелдер де басқа әйелдердің алдында Құранды дауыстап оқудан аулақ болғаны жөн” делінген неміс басылымынындағы мақалада.

Еске сала кетсек, Ауғанстанда бір топ әйел тәліптердің билігін мойындамауды талап етіп, наразылық акциясына шыққан еді. Сондай-ақ Ауғанстандағы жер сілкінісінен қаза тапқандардың 90%-ы әйелдер мен балалар болып шыққанын шыққан.

Одан бөлек Ауғанстанда әйелдерге көпшілік алдында сөйлеуге тыйым салынған. Кейінірек Ауғанстанда әйелдерге қатысты жаңа заң шықты. Бұл жаңа тәртіп бойынша ондағы әйелдер енді оқи алмайды, көптеген салаларда жұмыс істей алмайды, өздігінен саяхаттай алмайды, көпшілік алдында ашық жүзбен көрінбейді, тіпті қоғамдық орындарда сөйлей алмайды.