Иракта қыздардың неке жасын 18-ден 9 жасқа дейін төмендететін заң жобасы дайындалып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл ұсынысты ультра консервативті шиит партиялары енгізіп, жеке мәртебе туралы заңдарды түбегейлі өзгертуге шақырды.
Заң жобасында тек некеге тұру жасын төмендету ғана емес, әйелдерге қатысты басқа да бірқатар шектеулер қарастырылған. Түзетулер қабылданса, Ирак әйелдері ажырасу, балаға қамқорлық және мұрагерлік құқықтарынан айырылады.
Билік коалициясы ұсынылып отырған өзгерістер қатаң ислам заңдарына сәйкес келеді және жас қыздарды «әдепсіз қарым-қатынастардан» қорғауға бағытталған дейді.
Дегенмен, заң жобасы Иракта да, шетелде де айтарлықтай дау тудырды. Қарсыластар мұндай жаңашылдықтар әйелдер мен қыздардың құқықтарына нұқсан келтіріп, олардың қоғамдағы жағдайын нашарлатуы мүмкін деп санайды.
Басқарушы коалиция өкілдері түзетулер «отбасылық құндылықтарды сақтауға» және жастарды мүмкін болатын моральдық қауіптерден қорғауға көмектеседі деп сендіреді.