«Кселл» компаниясына айтылатын ең үлкен екі сын бар десек, оның бірі -– тариф құны, ал екіншісі – интернет сапасы. Осы екі мәселені жиі көтеретін азаматтар шағымын БАҚ-қа айтып, әлеуметтік желіде де бөлісіп жатады. Бұл сын, шағым компания басшылығына жетіп жатыр ма? «Кселл» оған не деп жауап береді? Ulysmedia.kz тілшісі бұл сұрақты «Кселл» АҚ басқарма мүшесі Сабиғат Рахметовке қойды.
РАХМЕТОВ НЕ ДЕЙДІ
Сабиғат Рахметов байланыс жағынан ақаулар барын мойындайды. Сол мәселені реттеу үшін компания үлкен инвестициялық жобаларға көп ақша жұмсап жатқанын атап өтеді. Өйткені халықтың трафиктерді қолдану мөлшері ұлғайып кеткен. Соңғы төрт жылда статистика бойынша трафикті қолдану ауқымы екі есе өскен.
– Күнделікті қолданатын заттардың бәрі де интернеттті қажет етеді. Сондықтан, трафик ұлғайды. Кселл компаниясының инфрапромдары 2G, 3G технологиясы бойынша салынған болатын. 4G технологиясы бойынша салынған үлкен станциялардың бәріне модернизация жасап, 5G технологиясына үлкен ақша жұмсап жатырмыз. Басты мақсат – байланысты жақсарту. Бұ жобаларымыз 2026-2027 жылға дейін жоспарланған. 2027 жылдың басында осы жобалардың бәрін бітіреміз деген ой бар. Бірақ қазіргі таңда желінің жақсарып жатқанын көріп отырмыз, – дейді ол.
ТАРИФ ЖАЙЛЫ
Рахметов статистикаға қарап, басқа мемлекеттерде тариф әлдеқайда қымбат екенін атап өтеді.
– Біздің бәсекелестермен салыстырған кезде біздің тариф қымбат емес деп есептейміз. Тариф бәрінде жыл сайын қайта қарастырылады, өйткені ол тарифтердің бәрі жұмсап жатқан ақшаға байланысты есептеледі. Күнделікті инфляция бар. Бізге басқа мемлекеттерден жабдықтар әкелінеді. Олардың бәрі бағамға байланған. Сол себепті біздің күнделікті шығындарымыз көбейеді. Инфляция соңғы төрт жылда 75 пайызға ұлғайды. Біз болсақ, тарифті тек 10-15 пайыз арасында ғана ұстаймыз. Ал негізі шығындарының одан да көп өсіп жатыр, – дейді ол.
Еске сала кетейік, 12 қыркүйекте Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында "Кселл" АҚ ұялы операторы акционерлерінің құрамының өзгеруі туралы ақпарат пайда болған еді. Қазақстандық ірі бизнесмен және Jusan Bank акционері Ғалымжан Есенов Kcell компаниясының акциялар пакетін өзінің "KC Holding Ltd" жеке фирмасына сатқан.