Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тұтынуға рұқсат етілген энергетикалық сусындар туралы пәтуа шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ІШУГЕ БОЛА МА, БОЛМАЙ МА
Энергетикалық сусындар алкогольсіз және алкогольді болып бөлінеді. Егер сусынның құрамында алкоголь, зиянды немесе тыйым салынған заттар болмаса, оны тұтынуға рұқсат. Десе де басқарма адам денсаулығына зиянды компоненттері бар сусындарды да атап өтті.
Энергетикалық сусындардың құрамында алкоголь аз мөлшерде болса да, оны ішуге тыйым салынады. Пайғамбарымыз “Мас ететін нәрсенің азы да, көбі де – харам” деп айтқан, – делінген хабарламада.
ДЕГЕНМЕН БАС ТАРТУ ҰСЫНЫЛАДЫ
Мүфтият энергетикалық сусындарды жиі тұтыну денсаулыққа теріс әсер ететінін медициналық зерттеулер растайтынын алға тартады.
Энергетикалық сусындарды жиі қолдану (жүрекке, жүйке жүйесіне, қан қысымының жоғарылауына, қант диабетіне, семіздікке, аяқ-қолдың діріліне әкеліп соғады. Сондықтан мұсылмандарға мұндай сусындардан бас тарту ұсынылады, – деп мәлімдеді мүфтият.
Еске сала кетейік, қатерлі ісікпен күресіп жатқан актер Мұрат Бисембин сырқатқа шалдығуының себебі энергетикалық сусындар екенін айтқан болатын.