«Қызымды ток ұрды»: Шымкентте тұрғындар наразылыққа шықты

Қалижан Бектемір

Шымкентте жаңадан орнатылған электр бағаналары құлайын деп тұр. Себебі, олар әу баста дұрыс қойылмаған дейді жергілікті жұрт. Салдарынан тіпті тұрғындардың бірін тоқ соққан. Мамандардың жауапсыздығына ашынған жұрт наразылыққа шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: дереккөз

«БАҒАНАНЫ ӨЗІМІЗ ҚОРШАП ҚОЙДЫҚ»

Otyrar.kz сайтының мәліметінше, Еңбекші ауданына қарасты Қапан Айтжанов көшесіндегі жағдай осы. Мұндағы электр бағаналары қисайып, тұрғын үйлерге құлауға шақ тұр. Тіпті, тұрғындардың бірін осы бағанадан тоқ ұрыпты.

Қызым маған бағана астынан бу шығып жатқанын көрсетпекші еді. Сол кезде оны тоқ ұрды. Содан кейін балаларды тоқ ұрмасын деп, бұл жерді өзіміз қоршап қойдық. Алайда, олар балалар ғой! Кез-келген уақытта бағанаға жақындауы мүмкін, – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Нина Аронова.

Ал тағы бір тұрғынның айтуынша, жарық көшенің жартысында берілсе, қалған жартысында жоқ.

Жарықты істейміз деді. Міне, істеген заттары. Көшенің жартысы істейді, жартысы істемейді. Көршінің қызын тоқ ұрды. Біз үлкендер мейлі, кішкентай бала-шаға жүріп жатыр. Кішкентай балаларды ұрса не болады сосын? Қойып жатқан кезде айтқанбыз, дұрыстап қойыңдар деп. «Біз білеміз, бізге қойып кетіңдер болды» деген. Ертең құласа кім жауап береді соның бәріне?! – дейді Евгений Вершович.

«ЕШКІМ КЕЛГЕН ЖОҚ»

Тұрғындар бұл мәселені жергілікті әкімдіктегілерге айттық деп отыр. Дегенмен проблемсын айтқан жұртты тыңдар құлақ әлі табылмаған сыңайлы.

Біз әкімдікке шықтық. Бәріне хабарластым. Әркімнің номерін беріп, лақтыра береді. Бірақ ешкім келген жоқ. Қайда барсаң, сонда бар деп тұр. Солай жауап берді маған телефонда. Сосын 2 номер берді. Олар тіпті маған айқайлап берді. Бағаналар бері қарай қисайып жатыр. Біз үйде көбінесе болмаймыз, бала-шаға болады. Қазір тастап кетуге қорқып жатырмыз, – дейді қала тұрғыны Әсемгүл Жақыпбекова.

Қапан Айтжанов көшесіндегі шешілмеген мәселе жалғыз бұл емес. Тұрғындар мұндағы қоқыстың жиналмайтынын да айтып, наразылық танытты. Сөздерінше, жауапты мамандар тазалаған сыңай танытып кететін көрінеді.

Біздің көшеде қоқыс көп. Өте көп қоқыс. Каналдың айналасына жинап, жауып қойған. Олардан «каналды толық тазалайсындар ма?» деп сұрадым. Ия, тазалаймыз деді. 1-2 сурет түсірді да жоқ боп кетті. Ешкім жинаған жоқ, –дейді Евгений Вершович.

ҚОҚЫС МӘСЕЛЕСІ ҚАШАНШЕШІЛЕДІ?

Қисайған банаға мен жанбай тұрған жарық шамдарына Шымкент қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жауапты екен. Otyrar.kz тілшілері мамандарға хабарласып, халықтың мәселесін жеткізген. Олар бұл проблемалар тез арада шешімін табады деп сендіріп отырған көрінеді.

Бүгін жарық шамдар жанады. Ертең бағаналарды ретке келтіріліп, тиісті жұмыстардың барлығы атқарылады. Одан кейін ары қарай энергетика басқармасы күтіп ұстау солардың есебінен болады, – дейді Шымкент қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының маманы Мәди Нышан.

Ал қоқыс мәселесінің қашан шешілетіні белгісіз. Еңбекші ауданының мамандары бұл сұраққа толыққанды жауап қатпады. Жергілікті халық алдымен бағана мәселесі шешілсе, артынан күл-қоқыстан да арылармыз деп сеніп отыр.