Ішкі істер министрлігі «НеМолчи.kz» қоғамдық қорының шоттарының бұғатталуына байланысты жағдайды түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
ІІМ баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қор жетекшісі Дина Смаиловаға қатысты алты қылмыстық іс тергелуде, олардың екеуі алаяқтық фактілерімен байланысты. 2023 жылдың желтоқсанында оған айып тағылып, іздеу жарияланған. Тергеу барысында Смаилова тарапынан жалған ақпарат тарату және азаматтық некедегі жұбайының жеке шотына заңсыз қаржы жинау фактілері анықталғаны хабарланды.
«2021 жылдан бастап Смаилова Қазақстаннан тыс жерде бола отырып, зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету мақсатында қаржы жинау туралы үнемі жариялап отырған. Мәселен, 2024 жылдың 1-21 ақпаны аралығында Instagram әлеуметтік желісінде қорға донат аудару туралы 10 хабарландыру жариялап, Қазақстандағы азаматтық жұбайының және Грузиядағы банктік шоттарының деректерін көрсеткен», – деп түсіндірді ІІМ Ulysmedia.kz тілшісіне.
Қазақстан заңына сәйкес, қоғамдық қорлар жыл сайын аудит өткізіп, оның нәтижелерін жариялауға тиіс. Алайда, ІІМ мәліметінше, «НеМолчи.kz» құрылғаннан бері бірде-бір рет аудит өткізбеген.
Тергеу тағайындаған аудиторлық тексеріс нәтижесінде Смаилованың азаматтық жұбайының жеке шотынан 7 мыңнан астам транзакция жасалып, олардың жалпы сомасы 56,1 миллион теңгені құрағаны анықталғаны айтылды
«Бұл сомадан зардап шеккендердің адвокаттарының қызметіне 5 миллион 608 мың теңге жұмсалғаны расталды, қалған қаражат қордың қызметіне қатысы жоқ мақсаттарға (дүкендер, мейрамханалар, кофеханалар, қонақ үйлер, дәріханалар, туыстардың шоттарына төлемдер және тағы басқа) жұмсалған», – деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.
Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қордың шоттары мүлікті тәркілеу мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін бұғатталған.
Бұған дейін Дина Тансари (Смаилова) туралы алты қылмыстық іс тергеліп жатқаны белгілі болған. Кейінірек «НеМолчи.kz» қорының жетекшісі Дина Тансари әлеуметтік желілерде өзін қамауға санкция берілгенін жариялады.