«Отбасы банктің» ТОП-менеджерлері биыл сыйақы ала ма

Аян Өрібай

"Отбасы банк" ТОП-менеджерлеріне сыйақы немесе бонус ретінде ақы беру үшін қанша қаражат бөлінеді. Бұл сұрақ Үкіметтің баспасөз мәслихатында "Отбасы банк" басшысы Ләззат Ибрагимоваға қойылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

ИБРАГИМОВА БАСЫН ШАЙҚАДЫ

– Жоқ, берілмейді. Бонус, сыйақымыз – алты айлық жалақымыз келесі 2025 жылы маусымда аудиторлық есепті тапсырғанда табыс болса ғана аламыз. Оған дейін көп көрсеткіштер бар. Соған жету керек, – деді Ләззат Ибрагимова.

“Биыл сонда алмайсыздар ма?” деген сұраққа банк басшысы “жоқ” деген ишарамен басын шайқады.

2024 ЖЫЛЫ АЛДЫ МА

2024 жылы банк басшылары, қызметкерлері бонус немесе сыйақы алды ма? 

– 2024 жылы аудиторлық есепті жапқанда банктің табысы 149 млрд теңге болды. Екіншіден, бүкіл жоспар бойынша несие беру, депозитті жинау көрсеткіштерін жасадық. Содан маусым айында алдық, – дейді Ләззат Ибрагимова.

Банк басшысы бұл бағытта қанша қаражат аударылғанын нақты айтпады. 

– Квазимемлекеттік секторда басты талаптың бірі – компания табысты болып, жоспарларды орындауы керек. Әрбірінің жоспарында жеке көрсеткіш болады. Бізде мәселен, талаптар 10 КРІ-ден тұрады. Биыл басты КРІ-дің бірі “Наурыз” бағдарламасы болды. Сол коэфиценттердің бәрі бағаланады. Кейін аудиторлық есеп жасалады. Олар қол қойылғаннан кейін сол көрсеткіштер негізінде маусым айында беріледі. Сыйақының мөлшерін реттейтін Үкімет қаулысы бар. Жылдық бонустың мөлшері 6 айлық есептік есептен аспайды, – деді Ләззат Ибрагимова.

Мәжілісте бұған дейін журналистер "Қазпошта" АҚ-ның басқарма төрағасы Әсел Жанасовадан қанша жалақы алатанын сұраған еді. Әсел Жанасова бес жылдық жоспар барын, сол кезеңде поштаны аяққа тұрғыза алса, онда премия мен бонусты қарастыруға болатынын айтады.