Қазатомөнеркәсіп Инкай кен орнында өндірісті 1 қаңтардан бастап тоқтатты. Бұл шешімді ұлттық компаниямен бірге игеріп жатқан канадалық Cameco компания түсінбей жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯ НЕ ДЕЙДІ
Әуелі Қазатомөнеркәсіп Инкай кен орнының учаскесінде өндіріс 1 қаңтардан бастап уақытша тоқтатыла тұратынын ресми сайтында хабарлаған. Кен орыны Түркістан облысының Созақ ауданында орналасқан. Оны «Инкай» БК» ЖШС игереді.
– «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс талаптарына сәйкес жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кен орнын игерудің бекітілген жобасы болған кезде ғана мүмкін болады. Алайда 2024 жылы 30 желтоқсандағы жағдай бойынша «Инкай» БК» ЖШС талап етілетін құжаттаманың уақтылы берілуін қамтамасыз етпей, Қазақстанның құзыретті органдарының қажетті келісімін алған жоқ. Осыған байланысты, қолданыстағы заңнаманы сақтау мақсатында «Инкай» БК» ЖШС кен орнында өндіруді уақытша тоқтатады, – делінген компанияның хабарламасында.
«Инкай» БК» ЖШС алдағы екі апта ішінде энергетика министрлігіне барлық қажетті құжаттарды ұсынуы керек. Содан кейін бұл жағдай реттеледі дейді Қазатомөнеркәсіп. Компанияның бағалауы бойынша, бұл жағдай Қазатомөнеркәсіптің 2025 жылға арналған өндіру жоспарларына айтарлықтай әсер етпейді.
CAMECO РЕАКЦИЯСЫ
Қазатомөнеркәсіппен бірге кен орнын игеріп жатқан канадалық Cameco компаниясы “осы күтпеген шешімнен көңіліміз қалды әрі таңырқап отырмыз, 26 желтоқсанға дейін өндіріс тоқтайтыны жөнінде бізге ешқандай белгі түспеді, қазір салдарын анықтап жатырмыз” деп реакция білдірді.
GDE TENGE телеграм-арнасының жазуынша, Ресей Украинаға соғыс ашқаннан кейін канадалық компания уранды жеткізу үшін Ресейден айналып өту бағытын таңдаған. Сонымен қатар Ресейде өндірісті қажетті материалдарды сатып алудан бас тартқан. Cameco бұл өндірісте де, жеткізу мерзімінде де үлкен қиындықтар туғанын да мойындаған.