Қазақстандықтар жалған ақшаны ажырата алмайды - ҚМА

Сымбат Сатыбалдина

Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтардың назарын валюталық операцияларды жүзеге асыру кезінде сақтық шараларын сақтау керегін айтты. Себебі қазақстандықтар шынайы ақшаны жалғаннан ажырата алмайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Ашық дереккөзден

Желіде қазақстандықтардың шынайы ақшаны жалған немесе сувенирлік ақшамен шатастыратын видеолар тараған. 

Бұл видеолар адамдар тиісті назар аудармай, шынайы ақшаны жалған немесе сувенирлік ақшадан ажырата алмайтынын және заңсыз операцияларға қатысу сияқты жағымсыз салдарға әкеп соғатынын көрсетеді, делінген ҚМА хабарламасында. 

2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖАЛҒАН АҚША

Ведомство мәліметінше, 2024 жылдың басынан бастап Қазақстан аумағында айналымнан 2 мыңға жуық жалған банкнота алынып, қаржылық тұрақтылыққа елеулі қауіп төндірді.

Жалпы алынған жалған ақшалардың сомасы 80 миллион теңгеден асты.

8 АДАМ СОТТАЛҒАН

Жалған банкнота жасаумен және сатумен айналысқан 8 адам сотталған. Олар 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылған. 

Мұндай жағдайларды болдырмау үшін ақшалай операциялар кезінде банкноталарды тексеріңіз. Ақша қағазының сапасына, қорғаныш элементтеріне (мөртаңбасы, микроэлементтер, белгілі бір жарықта көрінетін белгілері) және текстура мен шрифтіне назар аударыңыз. Жалған ақша жасаушылардың құрбаны болып қалмау және қылмыстық қудалауға түспеу үшін, бөтен адамдармен ақша алмастырып, валюта айырбастау бойынша қолайлы курс ұсынса да делдалдармен мәміле жасамағаныңыз дұрыс, дейді ҚМА өкілдері.