Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсыныс жасап, елде дәрі-дәрмектер мен медицина бұйымдары бағасын төмендеткелі отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АНТИКОРДЫҢ ТАЛДАУЫ
2024 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдарын сараптау ұлттық орталығы (ДЗСҰО) қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізген. Бұған дейін «СК-Фармация» ұйымында жүргізілген талдау сатып алу құнының негізсіз артқанын анықтаған еді. Бұл мәселелер тікелей ДЗСҰО қызметімен байланысты.
Негізгі тәуекелдер – шығындар мен жеткізушілердің үстемеқысы туралы ақпараттың жабықтығы, ақпараттық жүйелердің бөлшектенуі және деректерді қайта тексеру механизмінің болмауы. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтары жеткізушілердің көлік шығындарына, маркетиңге және сапаны бағалауға негізсіз үстемеақы енгізу арқылы дәрі-дәрмек бағасын белгілеуге мүмкіндік берген. Осылайша, дәрі-дәрмектердің тіркеуден өткеннен кейін дәріханалар сөрелеріне жеткенге дейінгі баға екі еседен астам өскен, – дейді антикор.
Осыдан үлкен фармацевтикалық компаниялар артық пайда тапқан.
ҚАНДАЙ ҰСЫНЫС ЖАСАЛДЫ
Агенттік денсаулық сақтау министрлігіне негізсіз үстемеақыларды жою және мониторинг жүргізуге арналған бірыңғай ақпараттық жүйені енгізу бойынша ұсыныстар енгізген. Президент әкімшілігі басшысының бұйрығымен осы салада баға белгілеу жүйесін цифрландыру бойынша жұмыс тобы құрылған. Қазір сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсыныстарына сәйкес дәрі-дәрмектің шекті бағасы мен сатып алу тәртібіне қатысты денсаулық сақтау министрінің үш бұйрығына өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде негізсіз үстемеақылар алынып тасталып, бұл кейбір дәрі-дәрмектің бағасының арзандатуға оң әсер етеді.