Тіркелмеген «Ел тірегі» партиясының мүшелері бүгін Астанадағы әділет министрлігі ғимаратына келіп, партияны тіркеу жөнінде өтініш түсірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz
“ӘЛІ ТОҚТАМАЙМЫЗ”
Әділет министрлігіне партия ретінде тіркелуге өтініш беру үшін бірнеше адам келді. Ұйымның уәкілетті хатшысы Айнұр Алтынбекова әділет министрлігіне 30-шы рет келіп отырғандарын айтады.
Біраз уақыттан бері Нұржан Әлтаевтың ісі бойынша біз тоқтауда болдық. Енді сол кісінің ұсынысымен біз ары қарай ісімізді жалғастырамыз деп шештім. Әлі тоқтамаймыз. Партияның бастамашыл тобы – 1 мың адамға дейін болуы керек. Бәрі жазып, қол қойып тапсырып отырмыз. Талаптардың бәрін орындалды. Бұрыннан бері тіркеуде тұрғандар – қарапайым халық. Біздің партияның бастамашыл тобына кірген адамдар. Олар келісімін берді, – дейді ол.
“ҮМІТСІЗ ШАЙТАН”
Тіркелмеген «Ел тірегі» партиясының заңгері Нұрсұлтан Ермаханов партияны тіркеу немесе тіркемеу жөнінде жауап бүгін кешкі 18.30-ға дейін берілетінін айтады.
Үмітсіз шайтан дейді ғой. Партияны тіркеу бойынша біз де үмітімізді үзбедік. 30-шы рет келгенімізді ескерсек, бүгінгі күнді «мерекелік» десек те болады. Олар тіркемеген кезде екі-үш жауап айтады: бірде сіздер көрсеткен адамдар ішінде өлгендер бар дейді, енді бірде басқа партияның мүшелері бар дейді. Біз сотқа бере бастаған кезде олар «өлгендер бар екен» деген сөзден бас тарта бастады. Себебі сот олардан өлген азаматтардың тізімін беріңдер деген кезде олар көрсете алмады. Сот бірінші, екінші отырыста біз жақты қолдап тұрады да, үшінші отырыста бәлкім, қоңыраулар түскеннен бе, олар әділет министрлігінікі дұрыс деп ештеңені түсіндірмей біздің өтініштен бас тартады.
Соңғы кезде «басқа партияның мүшелері бар» дейді. Былай қарасаң, «Аманат» партиясының тізімі цифрланған. Әрқайсы ЖСН арқылы өзін тексере алады. Кезінде бюджет қызметкерлерінің көбін санын көбейту үшін күшпен партияға кіргізген. Арамызда мұғалім болып істеп кеткен, кейін сол партияда екенін білмей қалғандар болған. Біз «Аманатты» тексеріп шықтық. Ақ жол, Қазақстан халық партиясы сияқтылардың мүшелері цифрландырылмаған. Біз негізі оны заңсыз деп санаймыз, – дейді Нұрсұлтан Ермаханов.
СОТТАЛЫП КЕТКЕН ӘЛТАЕВ
Осы ұйымның жетекшісі әрі бұрынғы мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев 2023 жылы қарашада 10 жылға сотталып кеткен еді. Сот оны жемқорлық жасады деген айыппен соттаған. Прокурор экс-мәжілісмен Нұржан Әлтаев еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болып тұрған кезде 2018-2020 жылдар аралығында делдалдар арқылы 50 млн теңгеден артық пара алды деп хабарлаған еді.. Қылмыстық іс қылмыстық кодекстің 366-бабы 4-бөлігі бойынша қозғалған.
Нұржан Әлтаев. Фото: Ulysmedia.kz
Сотта Нұржан Әлтаев өзіне тағылған айыпты «сандырақ» деп атаған.
Қазақстанның құқық қорғаушылары оны “саяси тұтқын” деп таниды.