Қазақстанда 44 781 бала психикалық есепте тұр - ДСМ

Ілияс Бақыт

Қазақстанда психикалық ауытқулары бар 44 781 кәмелетке толмаған бала есепте тұр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды, Ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz\ЖИ

ОЛАРДЫҢ ДИАГНОЗЫ ҚАНДАЙ?

Олардың ішінде 301 балаға «шизофрения» диагнозы қойылған. Психикалық ауытқулары бар балаларға медициналық-әлеуметтік көмек 20 өңірлік Психикалық денсаулық орталығында  және республикалық деңгейде Республикалық ғылыми-практикалық психикалық денсаулық орталығындакөрсетіледі.

Былтыр 10 595 кәмелетке толмаған бала стационарлық ем қабылдаған, оның ішінде 178 бала – шизофрения диагнозымен. Сонымен қатар, Астанада 5000-нан астам бала психиатрлардың бақылауында тұр.

БҰҒАН ДЕЙІН

2024 жылдың 11 ақпанында Астанадағы көпқабатты үйдің лифтінде жасөспірім 5 жасар балаға пышақпен шабуыл жасаған еді. Шабуыл жасаушы психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Зардап шеккен бала бетінен көптеген кесілген жарақат алып, оған шұғыл операция жасалды.

Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева хабарлағандай, пышақпен шабуыл жасаған жасөспірім психиатриялық стационарға орналастырылған.

«2024 жылғы 12 ақпанда Астананың мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының қаулысына сәйкес, 2010 жылғы 7 тамызда туған кәмелетке толмаған балаға қатысты оны денсаулық сақтау жүйесінің мекемесіне – тергеу аяқталғанға дейін психиатриялық стационарға орналастыру туралы қауіпсіздік шарасы қабылданды», – деді Динара Закиева.

Оның айтуынша, жасөспірімге күшейтілген бақылау режимі енгізілді.