Өзбекстанда жүкті және баласы бар әйелдерді жұмыстан шығаруға тыйым салынды

Сырым Қаржас

Бұған дейін заң жүкті және баласы бар әйелдердің жалақысын азайтуға немесе жұмысқа алудан бас тартуға тыйым салған. Енді жұмыс беруші бұлтартпас себебі болмаса ондай әйелдерді жұмыстан шығара да алмайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөздерден алынды

ТОЛЫҒЫРАҚ:

Еңбек кодексіне жүкті немесе баласы бар әйелдердің құқығын күшейтуге бағытталған өзгерістер енгізіліп жатыр, тиісті заңға президент қол қойды.

Аталған өзгеріс кодекстің 392-бабына енгізілді. Алдыңғы редакцияда жүктілікке немесе баласы болуына байланысты жұмысқа қабылдаудан бас тартуға, сондай-ақ жалақысын азайтуға тыйым салу туралы айтылған. Енді жүктілікке немесе баласының болуына байланысты қызметкерлерді жұмыстан шығаруға да тыйым салынады.

Естеріңізге сала кетейік, Өзбекстен Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс берушінің бастамасы бойынша жүкті әйелдермен еңбек шартын тоқтатуға, ұйымды (оның оқшауланған бөлімшесін) тарату немесе жеке кәсіпкердің қызметін тоқтату жағдайларын қоспағанда, жол берілмейді.

ЕҢБЕК ШАРТЫ ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА БҰЗЫЛАДЫ?

Жұмыс берушінің бастамасы бойынша үш жасқа дейінгі баласы бар әйелмен, не үш жасқа дейінгі баланы жалғыз тәрбиелеп отырған әкесімен (қамқоршысымен) еңбек шартын тоқтатуға мынадай негіздерде ғана жол беріледі:

құрылтайшыларының (қатысушыларының) немесе оған құрылтай құжаттарымен уәкілеттік берілген заңды тұлға органының шешімі бойынша ұйымды (оның оқшауланған бөлімшесін) тарату не жеке кәсіпкердің қызметін тоқтату;

біліктілігінің жеткіліксіз болуынан қызметкердің атқаратын лауазымына немесе орындайтын жұмысына сәйкес келмеуі;

қызметкердің өзінің еңбек міндеттерін бір рет өрескел бұзуы.