Алматы облысында шлюзді ашып жіберген адамды полиция іздеп жатыр

Сырым Қаржас

Полиция Қаскелең өзенінен каналға су жіберетін шлюзді ашқан адамды іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz 

Видеодан алынған кадр

Бүгін, 16 ақпанда Алматы облысы, Қарасай ауданы Көлашы ауылында белгісіз біреу Қаскелең өзенінен ауылға қарай тартылған каналға су жіберетін шлюзді ашып жіберген. Соның салдарынан ауылдағы төрт үйдің ауласын су басты.

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, бұл тұрғын үйлер елді мекеннен тысқары жерде, ауыл шаруашылығы алқабында ретсіз салынған.

Оқиға орнында ТЖД жеті қызметкері, екі техника және екі мотопомпа, жергілікті атқарушы органның үш қызметкері  мен бір техникасы жұмыс істеп жатыр.

Сондай-ақ Қарасай ауданы ПБ қызметкерлері шлюзді ашқан адамды іздестіруге кіріскен. Аэровизуалды тексеру және дұрыс шешім қабылдау үшін ұшқызсыз ұшу аппараттарын іске қосқан.